Атырау облысының Исатай ауданында мұнай-газ саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған облыстық семинар-кеңес өтті.
С.Балғынбаев кен орнында «Мұнай және газ саласындағы мемлекеттік тіл саясаты: ұлттық мүдде және кәсіби орта» тақырыбында ұйымдастырылған семинар-кеңестің басты жаңалығы – Республикалық терминология комиссиясы бекіткен мұнай-газ саласының жаңа терминологиялық сөздігінің жарық көруі.
Семинар-кеңеске «Жайықмұнайгаз», «Прикаспиан», «Светланд-Ойл», «Каспий Құбыр Консорциумы-К» және «Атырау Мұнай құбыр басқармасы» кәсіпорындарының өкілдері қатысып, өндірістік ортада мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, салалық терминдерді біріздендіру және қазақ тіліндегі кәсіби коммуникацияны дамыту мәселелерін талқылады.
Семинар-кеңес барысында жаңа терминологиялық сөздік таныстырылып, қатысушыларға таратылды. Аталған басылым мұнай-газ саласында қазақ тіліндегі терминдерді бірізді қолдануға, кәсіби құжат айналымы мен өндірістік коммуникацияда мемлекеттік тілдің қолданысын нығайтуға ықпал етеді.
Мұндай бастамалар мемлекеттік тілдің өндірістік саладағы қолданыс аясын кеңейтіп, қазақ тілінің кәсіби ортадағы әлеуетін арттыруға негіз болады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









