Тараз қаласында «Жасанды интеллект: тіл үйретудегі рөлі мен мүмкіндігі» тақырыбында республикалық семинар өтті. Семинарда тіл оқытудың заманауи әдістемелері, білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу және оларды тіл үйрету тәжірибесінде тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Семинарды Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Терлікбаев құттықтау сөзімен ашты.
Республикалық семинарға еліміздің әр өңірінен ғалымдар мен сала мамандары қатысып, тіл білімінің өзекті мәселелері, тіл үйретудегі инновациялық тәсілдер мен жасанды интеллект технологияларының әлеуеті туралы баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті және Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының өкілдері өз зерттеулері мен тәжірибелерін ортаға салды.
Семинардың екінші бөлімінде қатысушылар тіл үйрету барысында қолданылатын тиімді әдіс-тәсілдермен бөлісіп, жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне енгізу тәжірибелерін таныстырды. Сонымен қатар тіл оқыту сапасын арттырудағы цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.
Семинар қорытындысында жасанды интеллект технологияларын тіл үйрету тәжірибесінде ұтымды пайдалану, заманауи оқыту әдістерін дамыту және осы бағыттағы тәжірибе алмасуды жалғастыру мәселелеріне назар аударылды.









