Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында Солтүстік Қазақстан облысы Тілдерді оқыту орталығының 10 жылдық мерейтойына орай «Тіл – татулық тұғыры» атты мерекелік кеш өтті.
Кештің мақсаты – орталықтың он жылдық қызметін қорытындылау, жетістіктерін саралау, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жұмыстарды дәріптеу, сондай-ақ тілдерді оқыту саласына үлес қосқан азаматтардың еңбегін бағалау.
Мерекелік кешке облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ж. Сексенбаев, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті басқармасының басшысы Қ. Рақымжанов, ҚР Құрылтай депутаты Е. Тоқшылық, еліміздің өңірлерінен келген қонақтар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, БАҚ өкілдері, ұстаздар мен студенттер қатысты.
Кеш барысында орталықтың он жыл ішінде атқарған жұмыстары мен жетістіктері таныстырылып, өңірде тіл үйренуге қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы бастамалардың маңыздылығы атап өтілді.
Сонымен қатар мемлекеттік тілдің дамуы мен тілдерді оқыту ісіне елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Олардың қатарында орталық оқытушылары Роза Мұғалімова мен Айнагүл Сағындықова бар.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен қорытындыланды.









