Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті

    Комитет туралы

    «Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Тіл саясаты комитеті» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) өзіне жүктелген функцияларды іске асыратын Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) ведомствосы.

    Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

    Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, заңнамаға сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

    Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

    Егер оған заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілсе, Комитеттің мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы ретінде қатынасуына құқығы бар.

    Жаңалықтар

    Барлық жаңалықтар

    Сұрақ-жауап

    Сұрақ

    Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келетін иммигранттарға арналған онлайн-диагностикалық тестілеуден өту үшін қалай тіркеледі?

    Жауап

    Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келетін иммигранттарға арналған онлайн-диагностикалық тестілеуден өту үшін тіркелу келесі тәртіппен жүзеге асырылады: тестіленуші app.testcenter.kz сайтына тіркеліп, жеке кабинет ашып, белгіленген күнге тестілеуге өтінім беруі қажет. Тіркеуден кейін тестілеу үшін төлем жасалады, содан кейін тестіленуші тестілеуге қатыса алады. Мысалы: иммигрант Сергей онлайн-диагностикалық тестілеуді тапсыруды жоспарлап отыр. Ол үшін алдымен app.testcenter.kz сайтында тіркелуі керек. Тіркеуден кейін онда жеке кабинет ашылады, содан кейін Сергей «Өтінім беру» батырмасын басу керек. Одан соң қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесі «ҚАЗТЕСТ» бөліміне өтіп, «Тестіленушілер үшін» батырмасын тандап, «Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келетін иммигранттар үшін «Қазтест» жүйесі бойынша онлайн-диагностикалық тестілеу» бөліміне өтеді. Енді Сергей тестілеу үшін төлем жасауы керек. Төлем жасау үшін тапсырыс нөмірін қалыптастыру қажет. Төлем Kaspi.kz қосымшасы арқылы «Төлемдер» – «Білім» – «Ұлттық тестілеу орталығы» бөлімі арқылы немесе сайттағы QR-кодты сканерлеу арқылы жүзеге асырылады. Төлем жасалғаннан кейін ол «Жаңарту» батырмасын басу қажет. Сәтті төлемнен кейін өтінім тіркеліп, «Менің тарихым» бөлімінде қолжетімді болады. Енді тестіленуші тестілеуден өте алады.

    Сұрақ

    Sozdikqor.kz порталы қандай тілдік мүмкіндіктер ұсынады және оның іздеу жүйесі арқылы қандай ақпарат алуға болады?

    Жауап

    www.sozdikqor.kz порталы – әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздер мен тұрақты сөз тіркестері, қазақ тіліндегі көне сөздер, кірме сөздер, аймақтық және ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасын көруге мүмкіндік беретін платформа. Sozdikqor.kz порталының іздеу жүйесі арқылы сөздердің дефинициясын, синонимін, антонимін, омонимін, фразеологиялық тіркесте немесе сөйлем ішінде кездесуін бір бетте көруге болады. Мысал: Магистрант К. Sozdikqor.kz порталына қатысты сұрақ қойды: бұл порталдың ақпараты ресми көз болып табыла ма және ғылыми мақала жазу барысында оның материалдарына сілтеме жасай аламын ба? Иә, Sozdikqor.kz порталы – қазақ тілінің кез келген сөзі туралы лингвистика тұрғыдан толық ақпарат алуға болатын бірыңғай цифрлық жүйе. Осыған байланысты Sozdikqor.kz порталынан алынған мәліметтерді ғылыми жұмыстарда пайдалануға болады.

    Сұрақ

    Қазақстан Республикасында мәдени іс-шаралар қай тілде өткізілуі тиіс?

    Жауап

    «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы заңының https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z970000151_#z21 17-бабына сәйкес мәдени шаралар мемлекеттiк тiлде және қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жүргiзiледi. Осыған байланысты мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын немесе мемлекеттік органдардың қолдауымен өткізілетін мәдени іс-шаралар, әдетте, мемлекеттік тілді пайдалана отырып ұйымдастырылуы тиіс. Қажет болған жағдайда, ұйымдастырушылар кең аудиторияға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін ақпаратты, контентті немесе аударманы орыс немесе басқа тілдерде ұсына алады. Мысал: Қазақстан Республикасының бір қаласында дәстүрлі музыканың республикалық фестивалін өткізу жоспарлануда. Осы мәдени іс-шараны өткізу кезінде қандай тіл қолданылуы керек? Іс-шараны ұйымдастырушылар жарнамалар, бағдарламалар мен жүргізушілердің сөздерін қазақ және орыс тілдерінде дайындай алады немесе қазақ тілін меңгермеген аудиторияға ыңғайлы болу үшін орыс тілінде субтитрлер ұсына алады.

    Сұрақ

    Біздің ұйым өз интернет-ресурсын іске қосуда. Интернет-ресурсқа орналастырылатын ақпараттың тіліне қойылатын талаптар бар ма?

    Жауап

    «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы заңының (бұдан әрі – Заң) 22-бабына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z970000151_#z27 ақпараттандыру объектілерінің меншік иелері мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға, мемлекеттік функцияларды орындауға және мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған ақпараттандыру объектілерін Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тілде, орыс тілінде және қажет болған кезде басқа да тілдерде құруға және айналысқа шығаруға міндетті. Интерфейстің мемлекеттік тілде нұсқасының болмауы Заң талаптарын бұзу болып табылады. Мысал: Көкшетау қаласында ағылшын тілін үйрену курстарымен айналысатын ұйым өз интернет-ресурсын іске қосты. Бірақ интернет-ресурсқа барлық контентті ағылшын тілінде орналастырған. Бұл Қазақстан Республикасы заңнамасынның талаптарын бұзу болып табылады, себебі интернет-ресурстағы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуі тиіс. Ақпарат иесінің интернет-ресурсы басқа тілдердегі нұсқаларға да ие болуы мүмкін, бұл жағдайда – ағылшын тілінде.

    Сұрақ

    Мен жаңа дүкен ашуды жоспарлап отырмын. Маңдайшаны орналастыру бойынша қандай талаптар бар?

    Жауап

    «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы заңының (бұдан әрі – Заң) 21-бабына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z970000151_#z26 «Мемлекеттік ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де орналастырылады. Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады». Заңның талаптарына сәйкес маңдайшаны орналастыруға «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес маңдайшаларды орналастыру туралы хабарлама жіберілген жағдайда жол беріледі https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1400000202 . Мысал: Азамат А. шаштараз қызметтерін көрсету бойынша қызметпен айналысуды шешті. Тұрғынжайды сатып алды (жалға алды). Өз қызметін танымал ету үшін маңдайшаны орнату қажет. Маңдайшаны орналастыру үшін ең алдымен жергілікті атқарушы органдардан (әкімдік) келісім алу керек. Тұрғынжайдағы маңдайша мемлекеттік тілде немесе мемлекеттік, орыс және (немесе) басқа тілдерде болуы керек.

    Сұрақ

    Неліктен мен inDrive таксиі мобильді қосымшасының техникалық қолдау қызметіне мемлекеттік тілде жүгінген кезде, inDrive өкілдері маған орыс тілінде жауап береді?

    Жауап

    «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы заңының (бұдан әрі – Заң) 22-бабына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z970000151_#z27 «Ақпараттандыру объектілерінің меншік иелері мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға, мемлекеттік функцияларды орындауға және мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған ақпараттандыру объектілерін Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тілде, орыс тілінде және қажет болған кезде басқа да тілдерде құруға және айналысқа шығаруға міндетті». Техникалық қолдау қызметінде сұрауларды бастапқы өңдеу автоматтандырылған жүйе (чат-бот) арқылы жүзеге асырылады. Боттың алгоритмі пайдаланушы халықаралық жолаушылар тасымалдау қызметі inDrive (бұдан әрі – inDrive) қосымшасының интерфейс баптауларында өз бетінше таңдаған тілде ғана жауап беретіндей етіп реттелген. Осылайша, inDrive тарапынан Заңның талаптары бұзылған жоқ. Мысал: Азамат К. ресейлік компания болып табылатын Яндекс такси қызметін пайдаланады. Аталған компания Қазақстан нарығында ұсынылғандықтан, оның мобильді қосымшасында сондай-ақ, қазақ тіліндегі интерфейс бар. Азамат К.-ға қажетті ақпаратты мемлекеттік тілде алу үшін «Қосымша тілі» бөлімінен қазақ тілін таңдау қажет.

    Басқа

    Мемлекеттік тіл және БАҚ

    «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауын ұйымдастыру және өткізу ережесі 1. Жалпы ережелер «Мемлекеттік тіл және БАҚ»республикалық байқауын (бұдан әрі – Байқау) ұйымдастыру және өткізу ережесі (бұдан әрі – Ереже) Байқауға қатысу және жүлдегерлерді анықтау тәртібін белгілейді. Байқаудың мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілді танымал ету және мемлекеттік тіл саясатын насихаттау. Байқау өткізудің міндеттері: 1) мемлекеттік тіл мәселесіне қоғамның назарын аудару; 2) мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері туралы бұқаралық ақпарат құралдарында (мерзімді баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, интернет-басылым) және интернет-ресурстарда жарияланған мақалалар, теле-, радиобағдарламаларды жұртшылық арасында ілгерілету; 3) қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. 2. Байқауды ұйымдастыру тәртібі Байқаудың ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті (бұдан әрі – Комитет). Байқауды өткізу туралы хабарландыру 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және Комитеттің интернет-ресурсына орналастырылады. Байқауға қатысу үшін Ереженің 9-тармағында көрсетілген екі номинацияның біреуі бойынша өтінім (қол қойылған, сканерлеген) [email protected] электронды поштасына «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауына» деген белгімен 2026 жылғы 1 шілде сағат 24.00-ге дейін мынадай құжаттармен бірге жолдануы тиіс: 1) осы Ереженің қосымшасына сәйкес нысан бойынша толтырылған өтінім; 2) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 2026 жылғы 1 шілдеге дейін бұқаралық ақпарат құралдарында (мерзімді баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, интернет-басылым) және интернет-ресурстарда жарияланған мақалалар (2 мақала), теле-, радиобағдарламалар (1 бағдарлама); 3) жарияланған мақалалардың «Word» форматындағы электрондық нұсқалары, скриншоттары (мерзімді баспасөз басылымы, интернет-басылым, интернет-ресурстар), теле-, радиобағдарламалардың жазбасы. Ереженің 5-тармағында көрсетілген мерзімнен кейін Байқауға қатысу үшін ұсынылған өтінім қабылданбайды. Байқауға ұсынылған материалдар кері қайтарылмайды және Ереженің 5, 8-тармақатарында көрсетілген талаптарға cәйкес келмейтін жағдайда қараусыз қалдырылады. Байқау материалдарын бағалау өлшемшарттары: 1) тақырыпқа сәйкестік; 2) қамтылған ақпараттың өзектілігі, нақтылығы мен шынайылығы; 3) мәселені талдау тереңдігі; 4) материалды жеткізу шеберлігі. Байқау екі номинациядан тұрады: 1) «Үздік мақала»; 2) «Үздік теле/ радиобағдарлама». Байқауға қатысушылардың жұмысын бағалау және жүлдегерлерді анықтау үшін қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасы құрамына кемінде бес адамнан тұратын тіл мен әдебиет, журналистика салаларының білікті мамандары, ғалымдар кіреді. Қазылар алқасының төрағасы ретінде алдыңғы 3 жылда сайланған тұлғалар тартыла алмайды. Қазылар алқасының мүшелері Байқауға қатысушылардан түскен материалдар негізінде ашық дауыс беру арқылы Байқаудың екі номинациясы бойынша жүлдегерлерді анықтайды. Қазылар алқасы мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда, төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Қазылар алқасының шешімі хаттама түрінде ресімделеді және оған қазылар алқасының барлық мүшелері қол қояды. 3.Байқауға қатысу тәртібі Байқауға кәсіби журналистер, телевизия және радио, газет, сайт ұжымдары, сондай-ақ мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері жөнінде мақалалар жариялаған басқа да журналист-мамандар қатыса алады. Байқауға соңғы 3 жылда бірінші орын алған жүлдегерлер қатыстырылмайды. Байқауға қатысушылардан отандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және оның қоғамдағы рөлін арттыру жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі материалдар қабылданады. Материалдар аналитикалық талдаулар, проблемалар мен олардың шешу жолдарына негізделуі қажет. Материалдарда қазақ тілінің қолданысын кеңейтудің және оның қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданудың тиімді жолдары көрсетілуі тиіс. Үміткерлердің Байқауға ұсынған материалдары олардың кәсіби біліктіліктерін, мультимедиалық сторителлинг және заманауи медиа мүмкіндіктерін, қазақ тілін үйретудің заманауи моделін көпшілікке аша алуы қажет. Материалдарды бағалау барысында авторлардың заманауи біліктіліктері, оның ішінде дата-журналистік қабілеттері де ескеріледі. Байқауға қатысушы коммуникативтік ресурстарды орынды қолданып, заманауи медиатехнологияларды дәстүрлі журналистика құралдарымен кіріктіре отырып, мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, сол арқылы қазақ тілінің қызметі, даму жолдары мен тіл саясатының түрлі қырларын, өзекті мәселелерін сапалы, сенімді және нәтижелі түрде баяндауы қажет. Байқауға қатысушылардың қазақтілді контентті қарқынды дамытудың заманауи жолдары мен инновациялық шешімдерін көрсете білуі ескеріледі. Әлеуметтік ортада, мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің нық орнығып, еркін қолданылуында кездесетін кедергілерді айқындай отырып, негізгі шешімдер ұсыну шеберліктеріне мән беріледі. 4. Байқау қорытындысы туралы Байқау жүлдегерлері арнайы дипломдар, алғысхаттар және жоспарланған жүлде қоры мөлшерінде қаржылай сыйлықтармен марапатталады. Байқаудың жүлдегерлері туралы ақпарат Байқау аяқталғаннан кейінгі 3 жұмыс күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және Комитетінің интернет-ресурсына орналастырылады. Байланыс телефоны: 8-777-114-66-83. «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауын ұйымдастыру және өткізу ережесіне қосымша нысан «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауына қатысуға өтінім Тегі, аты, әкесінің аты___________________________________________ Жасы _________________________________________________________ Білімі_________________________________________________________ Қызметі (міндетті түрде БАҚ атауын, лауазымын көрсету қажет)________________________________________________________ Мекенжайы____________________________________________________ Байланыс телефоны (WhatsApp нөмірі)_______________________________ Электронды пошта _____________________________________________ Мақала, теле-, радиобағдарлама, БАҚ атауы, жарияланған күні: 1) _____________________________________________________________ 2) ______________________________________________________________ Қосымша ақпарат __________________________________________ Қолы Күні

    Жарияланды: