Неліктен мен inDrive таксиі мобильді қосымшасының техникалық қолдау қызметіне мемлекеттік тілде жүгінген кезде, inDrive өкілдері маған орыс тілінде жауап береді?
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы заңының (бұдан әрі – Заң) 22-бабына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z970000151_#z27 «Ақпараттандыру объектілерінің меншік иелері мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға, мемлекеттік функцияларды орындауға және мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған ақпараттандыру объектілерін Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тілде, орыс тілінде және қажет болған кезде басқа да тілдерде құруға және айналысқа шығаруға міндетті».
Техникалық қолдау қызметінде сұрауларды бастапқы өңдеу автоматтандырылған жүйе (чат-бот) арқылы жүзеге асырылады. Боттың алгоритмі пайдаланушы халықаралық жолаушылар тасымалдау қызметі inDrive (бұдан әрі – inDrive) қосымшасының интерфейс баптауларында өз бетінше таңдаған тілде ғана жауап беретіндей етіп реттелген. Осылайша, inDrive тарапынан Заңның талаптары бұзылған жоқ.
Мысал:
Азамат К. ресейлік компания болып табылатын Яндекс такси қызметін пайдаланады. Аталған компания Қазақстан нарығында ұсынылғандықтан, оның мобильді қосымшасында сондай-ақ, қазақ тіліндегі интерфейс бар. Азамат К.-ға қажетті ақпаратты мемлекеттік тілде алу үшін «Қосымша тілі» бөлімінен қазақ тілін таңдау қажет.