Атырау облысында мұнай-газ саласы нысандарындағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдар пысықталды

    1 / 15

    Атырау облысында ТЖМ басшылығымен мұнай-газ саласы нысандарында ірі өрттер мен аварияларды жою кезіндегі іс-қимылдарды пысықтауға арналған өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өткізілді. Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін күштер мен құралдардың дайындығын тексеру, өрт сөндіру-құтқару бөлімшелері мен нысандық қызметтердің өзара іс-қимылын жетілдіру, сондай-ақ өрт сөндірудің заманауи технологияларын тәжірибеде қолдану болды.

    Бірінші кезеңде мұнай өңдеу зауытының аумағында өрт сөндірудің жедел штабы жұмысын ұйымдастыру, күштер мен құралдарды басқару, шартты зардап шеккен жұмысшыларды құтқару, сондай-ақ мемлекеттік және кәсіби өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің өзара іс-қимылын үйлестіру бойынша іс-қимылдар пысықталды. Оқу-жаттығудың барысы мен шартты төтенше жағдайдың өрбуі туралы ақпарат ТЖМ-нің Жағдайлық орталығына беріліп отырды. Жоғары температура жағдайында өрт сөндіру кезінде заманауи технологияларды қолдануға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, отандық өндірістегі «Қалқан» өрт сөндіру роботы іске қосылды. Ол қауіпті аймаққа өрт сөндіру заттарын қашықтан беруге мүмкіндік беріп, жеке құрам үшін төнетін қатерді азайтады.

    Екінші кезең «Ақберен» оқу полигонында өтті. Онда мұнай-газ фонтанының атқылауы салдарынан өрт шыққан жағдай моделденді. Шартты өртті сөндіру үшін газды-сулы өрт сөндіруге арналған екі автомобиль (АГВТ) қолданылды. Оның бірі Батыс Қазақстан облысынан жеткізілді. Сонымен қатар оқу-жаттығу барысында экология басқармасының мамандары шартты төтенше жағдай аймағында қоршаған ортаның ластану деңгейін өлшеу тәртібін пысықтады.

    Оқу-жаттығуға Атырау облысы ТЖД бөлімшелері, «Семсер Өрт сөндіруші» АҚ, «ҚазМұнайГаз» компаниясының өкілдері, Экология басқармасы (ЭТРМ) және өзара іс-қимыл қызметтері қатысты. Оқу-жаттығудың барысын Павлодар облысы мен Шымкент қаласы ТЖД басшылық құрамының өкілдері де бақылап отырды. Барлығы ТЖД 135 жеке құрам қызметкері мен «Семсер Өрт сөндіруші» АҚ және өзара іс-қимыл қызметтерінің 31 техникасы жұмылдырылды.

    Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша күштер мен құралдарды жедел басқару, өңіраралық өзара іс-қимыл, мамандандырылған өрт сөндіру техникасы мен заманауи роботтандырылған кешендерді қолдану мәселелері пысықталды. Мұндай іс-шаралар жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыруға, күрделі өрттерді сөндіру тактикасын жетілдіруге және мұнай-газ кешені нысандарындағы төтенше жағдайларға ден қоюға өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің әзірлігін нығайтуға ықпал етеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі" жаңалықтары