Түркістанда өңірдегі архив ісінің 100 жылдығына арналған «Ұлттық архив қоры: 100 жылдық белес: тарих пен болашақ сабақтастығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, орталық және өңірлік архивтердің басшылары, тарихшылар, өлкетанушылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Қатысушылар Мемлекет басшысы қолдаған «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру бастамасының маңызын атап өтті. Қор архив құжаттарын сақтауға, цифрландыруға және пайдалануға жаңа мүмкіндік ашады.
Конференцияда Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаты оқылды. Құттықтауда өңірдің тарихы, мәдениеті, қоғамдық өмірін айғақтайтын құнды құжаттарды жинақтап, сақтауда архив ісі мамандарының елеулі үлес қосқаны аталып өтті.
Бұдан бөлек, мамандар архив ісінің қалыптасу тарихын, Ұлттық архив қорын сақтау, зерттеу, заманауи технологияларды енгізу және архив құжаттарын цифрландыру мәселелерін қарастырды.
Іс-шара аясында өңір тарихының негізгі кезеңдері мен архив ісінің дамуын танытатын құнды құжаттар көрмесі ұйымдастырылды.
Өңірдегі архив ісінің тарихы 1926 жылдан басталады. Бүгінде Түркістан облысының мемлекеттік архивінде 554 мыңнан астам сақтау бірлігі бар. Оның 100 мыңға жуығы аса құнды құжаттар санатына жатады. 89 мыңнан астам сақтау бірлігі электронды форматқа көшірілген.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









