Сауд Арабиясында Мемлекет басшысының Жолдауына арналған дөңгелек үстел өтті

    1 / 8

    Рияд, 2026 жылғы 5 қараша – Сауд Арабиясының астанасында Мемлекет басшысының Жолдауына арналған дөңгелек үстел өтті.

    Іс-шараға Корольдіктің ресми органдарының, сарапшылар мен іскер топтардың, дипломатиялық корпустың және жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды. Сонымен қатар кездесуге халықаралық және өңірлік ұйымдардың, соның ішінде Дүниежүзілік ислам лигасы (ДИЛ), Дүниежүзілік су ұйымы (GWO) және Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің өкілдері де қатысты.

    Іс-шарада Қазақстан Елшісі Мадияр Меңілбеков сөз сөйлеп, жиналғандарды Президент Жолдауының негізгі басымдықтарымен таныстырды. Дипломат елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға, жаңа Конституцияның қабылдануына, сондай-ақ цифрландыру, инфрақұрылымды жаңғырту, орнықты даму және инвестициялық климатты нығайту шараларына тоқталды.

    Дөңгелек үстелде Қазақстан-Сауд Арабиясы Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ахмед Әл-Дахил кеңестің тұрақты негізде жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Ол елімізде жүзеге асырылып жатқан экономикалық өзгерістерден хабардар екенін білдіре отырып, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мен іскерлік байланыстарды одан әрі нығайтудың маңыздылығын баса айтты.

    Өз кезегінде ДИЛ-дің Риядтағы кеңсесінің басшысы Әбделуахаб Әл-Шехри сөз сөйлеп, ДИЛ Бас хатшысының Астанаға сапарын және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысқанын еске салды. Ол Қазақстанның конфессияаралық диалогты ілгерілетудегі маңызды рөлін жоғары бағалады.

    Сондай-ақ «Riyadh gazette», «Sahm news» және «Alyaum news» сияқты араб тілді жетекші БАҚ өкілдері экономикалық реформалар, инвестициялық преференциялар, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Сонымен бірге жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басымдықтармен танысып, ондағы бастамалардан толық хабардар болды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшілігі" жаңалықтары