Рияд, 2026 жылғы 26 қазан – Сауд Арабиясына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Корольдіктің Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Уалид Әл-Хурейджимен кездесті.
Келіссөздер барысында А.Исағалиев Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Саудқа жолдаған екіжақты ынтымақтастық мәселелеріне арналған жазбаша жолдауын табыстады. Жолдауда Корольдіктің басшылығы мен халқына ынтымақтастық білдіріліп, Сауд Арабиясының азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтық инфрақұрылымды қорғау жөніндегі күш-жігеріне қолдау көрсетілген.
Сауд тарапы Қазақстанның бұл ізгі ниетін жоғары бағалап, көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді, сондай-ақ екі ел арасындағы берік достық пен өзара сенім байланыстарын атап өтті.
Сонымен бірге, тараптар өңірдегі ахуал жөнінде пікір алмасып, Қазақстан–Сауд Арабиясы қатынастарының өзекті мәселелерін және екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы байланыстарды одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан–Сауд Арабиясы әріптестігін одан әрі тереңдету мақсатында тұрақты саяси диалогты жалғастырудың және күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.








