Астана қаласында 24 қазанда «Қазанат» ипподром алаңында Қостанай облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараға өңірдің 14 ауданы мен үш қаласынан 50-ден астам кәсіпорын қатысып, 100-ден астам атаудағы азық-түлік өнімдерін ұсынды.
Жәрмеңкенің мәдени бағдарламасы аясында Қостанай облысының өнерпаздары елорда тұрғындары мен қонақтарына «Еңбегі көптің – өнбегі көп» атты концерттік бағдарлама тарту етті. Сонымен қатар, белгілі әншілер Нұрболат Арзамас пен Анар Құмарова сахнаға шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі отандық өнім өндірушілерді қолдауға, өңіраралық сауда байланыстарын нығайтуға және Қостанай облысының мәдени әлеуетін елорда жұртшылығына танытуға мүмкіндік берді.









