2026 жылғы 16 қазанда Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының қолдауымен Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітапхана – ұлт руханиятының тірегі: мұра, мүмкіндік, мақсат» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға өңір кітапханаларының басшылары, әдіскерлері мен мамандары қатысты. Пленарлық отырыстың негізгі оқиғасы Нәзира Қожахметқызы Дәулетованың ғылыми-мәдени мұрасына, оның Қазақстандағы кітапхана ісінің дамуына қосқан үлесіне, тарихи жадыны сақтау және ұрпақтар сабақтастығы мәселелеріне арналған Дәулетов оқулары болды.
Тақырыптық секциялар мен практикалық сабақтар аясында Қазақстан Республикасының ішкі саясаты, Википедияны пайдалану, «Оқитын ұлт» бастамасын іске асыру және кітапхана қорларын толықтыру мәселелері қарастырылды. Әдіскерлерге арналған «Оқитын ұлтты қалыптастыру: идеядан бағдарламаға дейін» тақырыбында шеберлік сағаты өткізілді.
Конференция кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және кітапхана саласын дамытудың өзекті бағыттарын талқылау алаңына айналды. Сонымен қатар мәдени мұраны сақтау мәселелерін кітапхана қызметіндегі заманауи тәсілдермен ұштастыруға мүмкіндік берді.








