Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жарқын және есте қаларлық оқиға – Ақтау қаласынан келген көшпелі суретшілер Инна Ермакова мен Әсел Мырзағалиеваның (ERMAC шығармашылық тобы) көрермен көңілінен шыққан көрмесі өтті.
Үш күн бойы жұмыс істеген көрме кітапхана оқырмандары мен қала қонақтарының үлкен қызығушылығына ие болды. Заманауи өнерді, ұлттық дәстүрлер мен Қазақстан тарихын тоғыстырған көрме өнер мен сұлулықты бағалайтын көптеген көрерменнің назарын аударды.
Көрмеге авторлық этностильде аралас техникамен орындалған 12 бірлескен туынды қойылған. Табиғи және жасанды материалдар: тастар, әшекей бұйымдар және күміс қолданылған бұл жұмыстар барельефтің, кескіндеменің және сәндік элементтердің керемет үйлесімі болып табылады.
Ультракүлгін сәуленің әсерінен жарық шашатын флуоресцентті бояулар қолданылған кескіндемелік туындылар ерекше назар аудартады. Олар көрмеге өзгеше атмосфера сыйлап, өнер туындыларын жаңа қырынан танытып, көрерменге ерекше әсер қалдырады.
Көрменің төрінен орын алған басты туынды – кенепке салынған «Қазақ халқының қаһармандары» атты ауқымды тарихи картина. Онда Қазақстанның тарихына, мәдениетіне және дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлғалар мен ұлы адамдардың 100 портреті бейнеленген. Тұлғалар галереясы ежелгі заманнан (Алтын адам дәуірінен) бастап бүгінгі күнге дейінгі еліміздің тарихи жолын қамтиды. Бұл есімдері мен жетістіктері ұлттық жадымыздың және Қазақстанның мәдени мұрасының ажырамас бөлігіне айналған тұлғаларға арналған тағзым болып табылады.
Әріптестерінің қуанышына ортақтасып, оларды құттықтап, қолдау білдіру үшін қаламыздың суретшілері мен қолданбалы өнер шеберлері келді. Ал көрмеге келушілердің үздіксіз ағылған легі жанға жайлы, шабыт берер және мерекелік ахуалды қамтамасыз етті.








