Абай облысында полиция қызметкерлері мен құтқарушылар хабар-ошарсыз кеткен 68 жастағы ер адамды іздеу кезінде дрон қолданды.
Таңғы сағат 07:00 шамасында полицияға ер адамның бауыры хабарласып, оның жоғалып кеткенін айтты. Туысының айтуынша, соңғы уақытта ер адамның есте сақтау қабілеті нашарлап, жүрген жерінде бағдар табуы қиындаған.
Хабар түскен бойда полицейлер мен құтқарушылар іздеуге кірісті. Олар үш топқа бөлініп, әр топ өзіне бекітілген аумақты аралап шықты. Іздеу аумағын кеңейту үшін даланың ашық учаскелерін дронмен әуеден шолды.
Сағат 16:20 шамасында құтқарушылар ер адамды Бұлақ ауылынан шамамен жеті шақырым жердегі ашық даладан тапты.
Полиция қызметкерлері мен құтқарушылардың бірлескен іздеу жұмыстары тоғыз сағаттан астам уақытқа созылды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









