Жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі 2012 жылы аяқталған. Арада 14 жыл өтсе де, оны қайта алуға асықпаған. Алайда көлік басқаруға келгенде заң талаптарын ескермеуді жөн көрген. Оның үстіне, көлік құралын мас күйінде тізгіндеген.
Оқиғаға қатысы бар азаматтың Жарма ауданының 50 жастағы тұрғыны Орынбек Масалимов екені анықталды.
Ол GRAPE 750 маркалы электрлі велосипедті басқарған. Алайда мұндай көлік құралын басқару үшін қажетті «А1» санатындағы жүргізуші куәлігі болуға тиіс болған. Азаматта тиісті басқару құқығы болмаған. Сондай-ақ, оның көлігі болмағандықтан жүргізуші куәлігін қайта алмағаны анықталды.
Соған қарамастан, заң талаптарын белден басып, көлік тізгіндеген. Сараптама оның орта дәрежелі масаң күйде болғанын анықтады.
Бұл жерде мәселе тек жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткенінде емес. Мәселе – заң талаптарын біле тұра елемеуде, өз әрекетінің салдарына жауапкершілікпен қарамауда.
Масаң күйде көлік басқару – жеке адамның ғана емес, жол қозғалысына қатысатын өзге азаматтардың да өмірі мен қауіпсіздігіне төнген қатер. Ал жүргізу құқығы жоқ адамның алкогольдік масаң күйде рөлге отыруы жауапсыздықты еселей түседі.
Заңды менсінбеу – батылдық емес. Бұл – қоғам қауіпсіздігіне немқұрайлы қараудың көрінісі.
Сот азаматты 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Бұл оқиға бір адамға берілген жаза ғана емес, заңды елемеуді әдетке айналдырғандарға берілген ескерту болуы тиіс. Жолда ешкімнің жеке ережесі жүрмейді. Рөлге отырған әр адам заң алдында да, қоғам алдында да жауапты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








