Мүгедектігі бар адамдарға арналған автотұрақ орындарын кімдер пайдалана алады?

    Арнайы автотұрақ орындарын тек мүгедектігі бар жүргізушілер ғана емес, сондай-ақ мүгедектігі бар жолаушыларды тасымалдайтын көліктер де пайдалана алады. Бұл туралы Абай облысы Полиция департаменті түсіндірме берді.

    Аталған құқық бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар басқаратын, сондай-ақ тірек-қимыл жүйесі зақымданған үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың көліктеріне немесе осындай азаматтарды тасымалдайтын автокөліктерге беріледі.

    Мысалы, жүргізуші бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамды ауруханаға алып келсе, арнайы белгіленген автотұрақ орнына көлігін қоюға құқылы. Бұл ретте жүргізушінің өзі мүгедектігі бар адам болуы міндетті емес.

    Міндетті талап – көліктің алдыңғы және артқы жағына «Мүгедектігі бар адам» деген тану белгісінің орнатылуы. Белгі қара түспен бейнеленген тиісті таңбасы бар, өлшемі 150 × 150 миллиметр болатын сары түсті шаршы түрінде болуы керек.

    Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін бұл құқық мүгедектіктің тірек-қимыл жүйесінің бұзылуымен байланысты-болмауына қарамастан қолданылады. Алайда тиісті негіздерсіз арнайы белгіні орнату арнайы автотұрақ орнын пайдалануға құқық бермейді.

    Сондай-ақ шұғыл жағдайларды да ескеру қажет. Егер адамның өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төніп, оны басқа жолмен жою мүмкін болмаса, жағдай Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 37-бабында көзделген «Аса қажеттілік» нормасы аясында қарастырылады. Заңда белгіленген талаптар сақталған жағдайда жүргізушінің әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық болып саналмайды.

    Сондықтан төтенше жағдайда тек тану белгісінің болмауына ғана емес, істің барлық мән-жайына назар аудару қажет. Сонымен қатар медициналық мекемеге әдеттегі тәртіппен бару жүргізушіні автотұрақ ережелерін сақтау міндетінен босатпайды.

    Абай облысы Полиция департаменті жүргізушілерді тиісті негіздерсіз арнайы автотұрақ орындарын иеленбеуге, пандустар мен жаяу жүргіншілер өтетін жолдарды бөгемеуге шақырады.

    Кіреберіс маңындағы бос автотұрақ орны мүгедектігі бар адамның қажетті мекемеге қауіпсіз әрі кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының Полиция департаменті" жаңалықтары