Абай облысының полиция қатары жас мамандармен толықты: 22 қызметкерге алғашқы арнайы атақ табысталды

    Адалдыққа ант берген жас полицейлерге қызметтік жолдың бастауы саналатын алғашқы арнайы атақтар салтанатты жағдайда табыс етілді.

    Абай облысы Полиция департаментінде ішкі істер органдарының қатарына жаңадан қосылған жас қызметкерлерге алғашқы арнайы атақтарды табыстау рәсімі өтті. Ішкі істер министрлігінің оқу орталығында кәсіби даярлықтан өткен 22 жас маман үшін бұл күн кәсіби өміріндегі маңызды белеске айналып, ел тыныштығын күзету жолындағы жауапты қызметтің бастауы болды.

    Салтанатты рәсім барысында Абай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Эльдар Данияров жас қызметкерлерге алғашқы арнайы атақтарын табыстап, олардың алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

    Оның ішінде 12 қызметкерге полиция лейтенанты, ал 10 қызметкерге полицияның кіші сержанты арнайы атағы берілді. Осылайша, кәсіби даярлықтан өткен 22 жас маман ішкі істер органдарындағы қызметтік жолын жаңа мәртебемен бастап, халыққа адал қызмет етуге дайын екендіктерін көрсетті.

    Департамент бастығы өз сөзінде полиция қызметінің қоғам алдындағы маңызына тоқталып, жас мамандарға жүктелетін жауапкершіліктің салмағын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, полицейдің кәсіби білімі мен біліктілігіне қоса, адамгершілігі, әділдігі және заңға деген адалдығы қызмет сапасын айқындайтын басты қасиеттер болып саналады.

    — Бүгінгі алған арнайы атақтарыңыз — кәсіби жолдарыңыздың жаңа кезеңі әрі халық сенімін ақтауға бағытталған үлкен жауапкершіліктің белгісі. Полиция қызметкері болу — тек міндет атқару емес, бұл — заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау және ел тыныштығын сақтау жолында аянбай еңбек ету. Сіздерден әрдайым кәсібилік, әділдік, табандылық пен жоғары жауапкершілік күтеміз. Антқа адал болып, Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарады деп сенемін, — деді Эльдар Нұрланұлы Данияров.



    Полиция қызметіндегі әрбір шен қызметтік тәртіпті сақтауды, кәсіби біліктілікті ұдайы жетілдіруді және халық сеніміне лайық болуды талап етеді. Сондықтан жас мамандар үшін бүгінгі салтанатты сәт — жаңа міндеттерге бастайтын маңызды қадам.

    Ел тыныштығы — ортақ жауапкершілік. Ал сол тыныштықтың сақшысы болу — жоғары сенім мен үлкен міндет. Бүгін алғашқы арнайы атақтарын алған жас полицейлер үшін бұл күн кәсіби қалыптасудың жаңа кезеңін ашып, абыройлы қызметке деген жігерін шыңдай түсті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының Полиция департаменті" жаңалықтары