12–31 қазан аралығында Абай облысының аумағында мал ұрлығының алдын алу, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету және заңсыз айналымдағы қару-жарақтарды анықтау мақсатында «Мал ұрысы » жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара аясында құқық бұзушылықтардың жолын кесу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Облыс аумағында тәулік бойы қызмет атқаратын 15 бақылау бекеті ұйымдастырылып, оған 169 полиция қызметкері мен ветеринария саласының 36 маманы жұмылдырылды.
Жедел-профилактикалық іс-шара басталғалы бері ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзудың 162 дерегінің жолы кесілсе, 33 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша материалдар кінәлі тұлғаларды заңнамада белгіленген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін ветеринариялық қызметтерге жолданды.
Сонымен қатар заңсыз айналымнан 10 бірлік тегіс ұңғылы атыс қаруы анықталып, тәркіленді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – мал ұрлығының алдын алу, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу мен жаю тәртібін бақылау, заңсыз қару айналымына тосқауыл қою және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Абай облысының полициясы азаматтарды заң талаптарын сақтауға, малды қараусыз қалдырмауға және құқық бұзушылықтар туралы ақпарат болған жағдайда полицияға хабарлауға шақырады.








