Семей қаласының көшелеріндегі қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету – күнделікті бақылауды, жауапкершілікті және үздіксіз еңбекті талап ететін жұмыс.
Таңертеңнен басталатын жол және техникалық инспекция бөлімшесі қызметкерлерінің жұмысы жолдардың жай-күйін тексеруден бастап, анықталған кемшіліктерді тиісті мекемелерге жеткізуге дейінгі маңызды міндеттерді қамтиды.
Семей қаласы ПБ Әкімшілік полиция бөлімінің Жол және техникалық инспекциясы бөлімшесінің қызметкері үшін әр жұмыс күні қала көшелерін аралап, жол қозғалысының қауіпсіздігіне әсер ететін мәселелерді анықтаудан басталады.
Таңғы уақытта қызметкер жұмыс жоспарына сәйкес белгіленген бағыттар бойынша жолға шығады. Ол көшелердегі жол жамылғысының жағдайын, жол белгілерінің орналасуын, жаяу жүргіншілер өткелдерінің жай-күйін, жол таңбаларының көрінуін және жол қозғалысын ұйымдастыруға қатысты өзге де мәселелерді тексереді. Әсіресе, көлік қозғалысы қарқынды учаскелерге, мектептер мен әлеуметтік нысандар маңына ерекше назар аударылады.
«Біздің басты міндетіміз – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол үшін көшелердің жағдайын тұрақты бақылап, анықталған кемшіліктерді дер кезінде тіркеп, оларды жою бойынша тиісті жұмыстардың жүргізілуіне назар аударамыз. Себебі жолдағы қауіпсіздік ұсақ-түйекке немқұрайлы қарамаудан басталады», – дейді Жол және техникалық инспекция бөлімшесінің қызметкері.
Қызмет барысында маман жолдардың техникалық жағдайын зерделеп қана қоймай, жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерге де назар аударады. Жөндеу аумақтарында тиісті жол белгілерінің орнатылуы, көлік қозғалысының дұрыс ұйымдастырылуы және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалуы маңызды.
Бүгінде Семей қаласында жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қаладағы 1 179 көшенің жалпы ұзындығы 756 шақырымды құрайды. Соңғы жылдары асфальтбетон жамылғысымен қамтылған жолдардың үлесі 36 пайыздан шамамен 50 пайызға дейін өсті.
2026 жылы Абай, Жангелдин, Мичурин, Сеченов, Құнанбай және басқа да көшелерде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Биылғы жөндеу жұмыстарының ерекшелігі – кешенді тәсілдің қолданылуы. Яғни жол жамылғысын жаңартумен қатар, жол жиектастары ауыстырылып, қажетті учаскелерде жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салынуда.
Сонымен бірге қала бойынша бірқатар көшеде қолданыстағы асфальтбетон жамылғысын жаңарту, шұңқырларды қалпына келтіру және жолдардың техникалық жағдайын жақсарту жұмыстары атқарылуда. Мұндай жұмыстардың сапалы әрі белгіленген талаптарға сай орындалуын бақылау да жол инспекциясы қызметінің маңызды бағыттарының бірі.
«Жол жөндеу жұмыстары кезінде тек асфальттың сапасына ғана емес, жол белгілеріне, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне және қозғалысты ұйымдастыруға да мән береміз. Әрбір анықталған мәселе назардан тыс қалмауы керек. Біздің жұмысымыздың нәтижесі – тұрғындардың көшелерде қауіпсіз әрі кедергісіз жүріп-тұруы»,
– дейді полиция қызметкері.
Күнделікті жұмыстың тағы бір маңызды бөлігі – жол бойындағы көріну мүмкіндігіне әсер ететін кедергілерді анықтау. Атап айтқанда, жол жиегіндегі ағаштардың бұтақтары жол белгілерін жауып немесе жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге кедергі келтіруі мүмкін. Осыған байланысты жыл басынан бері қалада жол бойындағы осындай кедергілерді жою мақсатында
1 000-нан астам ағашқа санитарлық кесу жұмыстары жүргізілген.
Күннің екінші жартысында қызметкер анықталған кемшіліктер бойынша мәліметтерді жинақтап, тиісті құжаттарды рәсімдейді. Қажет болған жағдайда жауапты мекемелерге ұсыныстар жолданып, орындалуы тиіс жұмыстардың барысы бақылауға алынады. Бұл – көзге бірден байқала бермейтін, алайда қаладағы жол қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды жұмыс.
Полиция қызметкерінің бір күні осылайша жолдарды тексеру, кемшіліктерді анықтау, тиісті шараларды ұйымдастыру және атқарылған жұмыстардың нәтижесін бақылау кезеңдерінен тұрады.
Әрбір көшенің жағдайына назар аудару, тұрғындардың өтініштерін ескеру және жол қозғалысын қауіпсіз ұйымдастыру – оның күнделікті қызметінің ажырамас бөлігі.








