24–31 қазан аралығында өңір аумағында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған «Демалыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың түнгі уақытта бақылаусыз жүруіне жол бермеу, құқықтық тәртіпті нығайту және ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру.
Сегіз күндік профилактикалық жұмыстың нәтижесінде бірқатар құқық бұзушылықтардың жолы кесіліп, нақты шаралар қабылданды.
Атап айтқанда, полиция бөлімшелеріне 197 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді. 🔹Оның 190-ы түнгі уақытта анықталған. Қиын өмірлік жағдайға тап болған немесе тиісті қолдауды қажет ететін 20 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына және қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастырылды.
Сонымен қатар бала тәрбиесі мен оның қауіпсіздігіне салғырт қарайтын ата-аналар да назардан тыс қалған жоқ. Балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған 6 ата-ана есепке қойылды.
Профилактикалық жұмыстар аясында есепте тұрған 130 жасөспірімнің және қолайсыз отбасылар санатындағы 177 отбасының тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру жүргізілді.
Нәтижесінде 219 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде:
▪️Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамаудың 38 дерегі;
▪️Заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуының 167 дерегі анықталды.
Бұдан бөлек, 8 азаматқа құқықтық көмек көрсетіліп, заңнама талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Баланың қауіпсіздігі – тек полицияның міндеті емес, ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі.
Түнгі уақытта жасөспірімнің көшеде жүруі, оның бос уақытын бақылаусыз өткізуі немесе тәрбиесіне немқұрайлы қарау – назардан тыс қалатын ұсақ мәселе емес. Әрбір осындай жағдайдың артында баланың қауіпсіздігі мен болашағы тұр.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









