Астанада Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру мәселесі талқыланды

    1 / 4

    Астана қаласындағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру мәселелеріне арналған ведомствоаралық сарапшылық кеңес өтті.

    Жиынға Мәдениет және ақпарат министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Цифрлық үкіметті қолдау орталығы, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы, Қазақстандық қоғамдық даму институты мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

    Кеңес барысында мемлекеттік кітапханалардың электрондық каталогтерін біріктіру, цифрлық қызметтерді дамыту және кітапхана ісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері талқыланды.

    Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли бірыңғай цифрлық платформаның маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама еліміздегі кітапханаларды ортақ ақпараттық кеңістікке біріктіріп, азаматтардың кітапхана қорларын пайдалану мүмкіндігін кеңейтуге және оқырманға қызмет көрсету сапасын арттыруға жол ашады.

    Айта кетейік, Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын Бірыңғай автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйе негізінде құру жоспарланып отыр. Жаңа жүйе мемлекеттік кітапханалардың ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, олардың қорларын ортақ электрондық каталогке біріктіреді.

    Сондай-ақ жиында «Зерделі ұлт» бірыңғай электрондық оқырман билетін енгізу мәселесі қаралды. Бұл билет арқылы оқырман тіркелген жеріне қарамастан, жүйеге қосылған кітапханалардың қорын пайдалана алады.

    Бұдан бөлек, кітаптарды каталогке енгізу мен іздеу жұмысын жетілдіру, сондай-ақ әр оқырманның қызығушылығына сай кітаптар ұсыну үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселесіне айрықша назар аударылды.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі" жаңалықтары