Қазақстан мен Мажарстан сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті кеңейтуге ниетті

    1 / 4

    Будапешт, 2026 жылғы 2 қараша – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Анель Бақытбекқызы Мажарстан Экономика және энергетика министрлігінің сыртқы экономикалық байланыстарды үйлестіру жөніндегі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Миклош Бодаимен кездесу өткізді.

    Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, энергетика, көлік-логистика, қаржы және өнеркәсіп салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

    Дипломатиялық миссия басшысы Мажарстан тарапын Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды. Аталған Жолдауда көлік және энергетика инфрақұрылымын жаңғыртуға, елдің транзиттік әлеуетін арттыруға және Қазақстанның Еуразиядағы негізгі логистикалық торап ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық даму бағдарламасына ерекше назар аударылды.

    Сонымен қатар, Елші Қазақстанның генерациялау қуаттарын ұлғайту, атом энергетикасын дамыту, жасанды интеллект технологияларын енгізу және экономиканы одан әрі цифрландыру жөніндегі жоспарларымен сұхбаттасын таныстырып, осы бағыттарда екіжақты өзара іс-қимылды тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.

    Қазақстан мен Мажарстан әріптестігінің стратегиялық сипатын атап өткен А.Бақытбекқызы мажар бизнесінің Қазақстандағы қатысуын одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ отандық өнімді Мажарстан және Еуропа нарықтарына ілгерілетуге мүдделілік білдірді. Осыған байланысты өзара сауданы әртараптандыру және екі ел тауарлары мен қызметтерінің бір-бірінің нарықтарына қол жеткізуіне жәрдемдесетін қосымша тетіктерді қалыптастыру қажеттігі атап өтілді.

    Келіссөздерде көлік-логистика күн тәртібі, атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселесі елеулі орын алды. Дипломатиялық миссия басшысы мажар әріптестермен өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын айқындады. Олардың қатарында теміржол тасымалдарын дамыту, интермодальдық терминалдар құру, логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту және Орталық және Батыс Еуропа нарықтарына шығу үшін Будапештті өңірлік тарату орталығы ретінде пайдалану мәселелері бар.

    Энергетика саласында энергетикалық ресурстарды жеткізу және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды. Атап айтқанда, Қазақстанның бейінді мамандарын даярлау және кадрлық әлеуетін нығайту үшін мажар сараптамалық және технологиялық құзыреттерін тарту әлеуеті атап өтілді.

    Инвестициялық күн тәртібі аясында ұзақ мерзімді қаржыландыруды тартуды және перспективалы бірлескен жобаларды қолдауды қоса алғанда, Мажарстанның қаржы институттарымен өзара іс-қимылды жандандыру мәселелері қозғалды.

    Бұдан бөлек, Қазақстан-Мажарстан экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының қызметі талқылау нысанына айналды. Қазақстан тарапы Комиссияның мажарстандық тең төрағасын айқындау және Астанада өткізу жоспарланған оның тоғызыншы отырысына ұйымдастырушылық дайындықты жандандыру қажеттігіне назар аударды.

    Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Мажарстан әріптестігін одан әрі нығайтуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және өзара тиімді сауда-инвестициялық бастамаларды іс жүзінде іске асыруға екі тараптың да мүдделі екені расталды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі" жаңалықтары