Будапештте Қазақстан киносының күндері өтті

    1 / 5

    Будапешт, 2026 жылғы 14 қазан – 2026 жылғы 12–14 қазан аралығында Мажарстан астанасы Будапешт қаласында Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен Қазақстан киносының күндерін өткізді.

    Тарихи «Урания» ұлттық кинотеатрында өткен мәдени іс-шара Қазақстан кинематографиясын халықаралық деңгейде насихаттауға, Мажарстан жұртшылығын еліміздің бай тарихи-мәдени мұрасымен таныстыруға, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталды.

    Үш күндік бағдарлама аясында көрермендерге Қазақстан тарихының әртүрлі кезеңдерін, ұлттық құндылықтары мен мәдени дәстүрлерін, сондай-ақ қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін бейнелейтін үш көркем фильм ұсынылды.

    Кино күндерінің ашылуы 12 қазанда қазақтың көрнекті әншісі Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Әміре» тарихи-өмірбаяндық фильмінің көрсетілімімен өтті. Әміре Қашаубаев Еуропада халықаралық мойындауға ие болған қазақ музыкалық өнерінің алғашқы өкілдерінің бірі ретінде танымал.

    13 қазанда жеке таңдау, жауапкершілік, адами қарым-қатынас және адамгершілік құндылықтар мәселелерін қозғайтын «Қайтадан» («Рестарт») атты заманауи қазақстандық драманың көрсетілімі ұйымдастырылды.

    14 қазанда Қазақстан киносының күндері «Анаға апарар жол» тарихи драмасының көрсетілімімен қорытындыланды. Фильмде қазақ халқы тарихындағы қайғылы оқиғалар аясында аналық махаббаттың құдіреті, адам рухының беріктігі және адам тағдырының күрделі қырлары көрініс тапқан.

    Іс-шаралар бағдарламасының басты оқиғасы 13 қазанда өткен салтанатты рәсім мен ресми қабылдау болды. Оған дипломатиялық корпус өкілдері, Мажарстанның мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлері, іскерлік және мәдени орта өкілдері, қазақстандық диаспора мүшелері мен студенттер қатысты.

    Қонақтарға Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Анель Бақытбекқызы құттықтау сөз сөйледі.

    Өз сөзінде Елші мәдениет пен кинематографияның халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға, достық байланыстарды дамытуға ықпал ететін қоғамдық дипломатияның маңызды құралдары ретіндегі рөлін атап өтті.

    Сонымен қатар қазақстандық киноның ұлттық дәстүрлер мен заманауи көркемдік тәсілдерді үйлестіре отырып, шетелдік көрермендерге Қазақстанның тарихын, мәдениетін және рухани құндылықтарын тереңірек тануға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

    Елші Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дәстүрлі достық қатынастардың өзара құрметке, тарихи-мәдени жақындыққа және көпсалалы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге деген ортақ ұмтылысқа негізделгенін атап өтті.

    Осы тұрғыда мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту, шығармашылық қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және бірлескен мәдени бастамаларды іске асыру Қазақстан мен Мажарстан арасындағы әріптестікті одан әрі тереңдетудің маңызды бағыттары болып табылады.

    Іс-шараның маңыздылығын арттырған жайттардың бірі – қазақстандық киноиндустрия өкілдерінің Будапештке арнайы келіп, мажар көрермендерімен және мәдениет саласының өкілдерімен тікелей жүздесуі болды.

    Құрметті қонақтар қатарында «Әміре» фильмінде басты рөлді сомдаған танымал қазақстандық актер Санжар Мәди, «Қайтадан» фильмінің продюсері Жалын Тлеубергенов, сондай-ақ Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының дистрибуция және маркетинг бөлімінің жетекшісі Гүлзат Шуренова-Қалишук болды.

    Қазақстандық киноиндустрия өкілдерінің қатысуы көрермендерге заманауи ұлттық кинематографияның даму үрдістерімен, фильм өндірісінің ерекшеліктерімен және қазақстандық туындыларды халықаралық деңгейде ілгерілету перспективаларымен танысуға мүмкіндік берді.

    Қазақстан киносының күндеріне 200-ден астам қонақ қатысты. Олардың қатарында Мажарстанның мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарының, дипломатиялық корпустың, іскерлік және мәдени ортаның өкілдері, қазақстандық диаспора мүшелері мен студент жастар болды.

    Көрсетілген фильмдер көрермендердің қызығушылығын тудырып, қазақстандық кинематографияның жан-жақтылығын, ұлттық тарихтың маңызды кезеңдерін бейнелеумен қатар, халықаралық аудиторияға ортақ жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеу мүмкіндігін көрсетті.

    Будапештте Қазақстан киносы күндерінің өткізілуі екі ел арасындағы мәдени байланыстарды дамытудағы маңызды оқиғаға айналды. Аталған іс-шара гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге, екі халықтың мәдени мұрасына деген өзара қызығушылықты арттыруға және Мажарстанда Қазақстанның танымалдылығын нығайтуға ықпал етті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі" жаңалықтары