Будапештте ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің елшілері Мажарстан Парламентінің Сыртқы істер комитетінің төрағасымен кездесті

    1 / 4

    Будапешт, 2026 жылғы 12 қараша– Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Анель Бақытбекқызы Ислам ынтымақтастығы ұйымына ( ИЫҰ) мүше мемлекеттер елшілерінің Мажарстан Мемлекеттік жиналысының Сыртқы істер комитетінің төрағасы Мартон Хайдумен кездесуіне қатысты.

    Кездесуде қатысушылар Мажарстанның сыртқы саяси басымдықтары, парламентаралық ынтымақтастықты дамыту перспективалары және өңірлік қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелері жөнінде пікір алмасты.

    Қазақстан Елшісі Қазақстан Республикасының Құрылтайы мен Мажарстан Мемлекеттік жиналысы арасындағы, соның ішінде бейінді комитеттер деңгейіндегі тікелей байланыстарды жандандыруды ұсынды.

    Қазақстандағы саяси және институционалдық реформаларға, сондай-ақ Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясымен ( ЕКПА) ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Анель Бақытбекқызы Мартон Хайдуға 2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасының Құрылтай сайлауына ЕКПА делегациясының құрамында байқаушы ретінде қатысқаны үшін алғыс білдірді.

    2027 жылы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толады. Осы мерейтой қарсаңында Қазақстан тарапы парламент басшыларының өзара сапарларын ұйымдастыруға және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

    Анықтама:Мартон Хайду Мажарстан Мемлекеттік жиналысының Сыртқы істер комитетіне төрағалық етеді және ЕКПА-дағы Мажарстан делегациясын басқарады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі" жаңалықтары