Мажарстан Сыртқы істер министрінің Орталық Азия елдерінің елшілерімен кездесуі туралы

    1 / 4

    Будапешт, 2026 жылғы 12 қараша– Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Анель Бақытбекқызы Мажарстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Анита Орбанның Орталық Азия мемлекеттерінің елшілерімен кездесуіне қатысты.

    Кездесу барысында тараптар Мажарстан мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге, көлік-логистикалық өзара байланыстарды дамытуға, сондай-ақ энергетика, білім беру және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

    Мажарстан тарапы Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растап, өңірдің Мажарстанның сыртқы саясатындағы стратегиялық маңызын атап өтті. Будапешттің Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет етуге, соның ішінде Еуропалық ОдақтыңGlobalGatewayбастамасының құралдарын пайдалану арқылы бірлескен инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыруға жәрдемдесуге дайын екені айтылды.

    Қазақстан Елшісі өзара сенімге, тарихи-мәдени жақындыққа және тұрақты саяси диалогқа негізделген қазақстандық-мажарстандық қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтті.

    Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына ерекше назар аударылды. Аталған мерейтой екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беруге, саяси байланыстарды жандандыруға, сондай-ақ жоғары және ең жоғары деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастыруға маңызды мүмкіндік ретінде бағаланды.

    Қазақстан тарапы Стратегиялық кеңес, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия және Іскерлік кеңес сияқты қолданыстағы екіжақты тетіктердің жұмысын жандандыруды ұсынды. Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына дайындық жүргізу үшін оның мажарстандық тең төрағасын мүмкіндігінше тезірек тағайындаудың маңыздылығы атап өтілді.

    Сауда-экономикалық салада Қазақстанның өзара сауда көлемін ұлғайтуға, тауар айналымын әртараптандыруға, мажарстандық инвестицияларды тартуға, сондай-ақ машина жасау, ауыл шаруашылығы, логистика және басқа да басым салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екені айтылды. Атап айтқанда, бірлескен инвестициялық қор құру жөніндегі бастаманы пысықтау жұмысын жандандыру және инвестицияларды өзара көтермелеу мен қорғау туралы жаңа келісімді келісу үдерісін жеделдету ұсынылды.

    Мажарстандық компаниялардың Қазақстан инфрақұрылымын жаңғыртуға, геологиялық барлау, агроөнеркәсіп кешені, су шаруашылығы, атом энергетикасы және цифрлық технологиялар салаларын дамытуға қатысу перспективалары жеке қарастырылды. Қазақстан тарапы атом саласына мамандар даярлау бағытында, оның ішінде мажарстандықMVMкомпаниясының тәжірибесін пайдалана отырып, ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді.

    Көлік байланыстарын дамыту тұрғысынан Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды буын ретіндегі стратегиялық маңызы атап өтілді.

    Көпжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан тарапы «Орталық Азия + Мажарстан» форматын дамыту мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ болашақта оны «Орталық Азия + Вышеград тобы» форматына дейін кеңейту перспективасын ұсынды.

    Мажарстан тарапы аталған бастаманы оң қабылдап, өңірлік ынтымақтастықтың тиісті тетіктерін одан әрі бірлесіп пысықтауға дайын екенін білдірді.

    Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстан елшілері де Мажарстанмен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін растап, саяси байланыстарды, инвестициялық ынтымақтастықты, өңіраралық қатынастарды, білім беру алмасуларын және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі үйлестіруді дамыту мәселелеріне назар аударды.

    Талқылау барысында Мажарстан тарапыStipendiumHungaricumстипендиялық бағдарламасын одан әрі жетілдіру жоспарлары туралы хабарлап, бағдарламаны сақтап қалу және оның тиімділігін арттыру ниетін атап өтті.

    Сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымының, оның ішінде Будапешттегі Өкілдігінің қызметіне неғұрлым практикалық сипат беруге қызығушылық білдірілді.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты саяси диалогты жалғастыруға, қолданыстағы ынтымақтастық тетіктерін дамытуға және Мажарстан мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған нақты бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі" жаңалықтары