Будапешт, 2026 жылғы 10 қараша –Мажарстан астанасында 2026 жылғы 10–20 қараша аралығында өтетін, әлемнің жетекші 24 шахматшысы қатысатын «Total Chess Budapest 2026 Pilot» халықаралық шахмат турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Турнирге әлемдік рейтингтің көшбасшысы Магнус Карлсен, Фабиано Каруана, Уэсли Со, Аниш Гири, Алиреза Фирузджа, Рамешбабу Прагнанандха, Левон Аронян, Нодирбек Абдусатторов, Шахрияр Мамедьяров, Ян Непомнящий, Максим Вашье-Лаграв, Эндрю Хонг, сондай-ақ мажарстандық гроссмейстер Рихард Раппорт және басқа да танымал шахматшылар қатысуда. Жарысқа әлемдік шахматтың танымал көшбасшылары, тәжірибелі гроссмейстерлер және болашағынан үміт күттіретін жас ойыншылар жиналды.
Қазақстан атынан беделді турнирге әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер, блицтен екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева қатысуда.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, «Total Chess Budapest 2026 Pilot» турнирінің басты ерекшелігі – шахматтың үш түрін: «Fast Classic» (жеделдетілген классикалық шахмат), «Rapid» (рапид) және «Blitz» (блиц) форматтарын алғаш рет бір жарыс аясында біріктіретін инновациялық жүйе.
Жаңа форматтың негізгі мақсаты – уақытты бақылаудың әртүрлі режимдерінде табысты өнер көрсете алатын ең әмбебап шахматшыны анықтау.
Анықтама: Турнир 2026 жылғы 10 қарашада блиц бойынша тоғыз турдан тұратын жарыспен басталды. Оның нәтижелері топтық кезеңде ұпайлар тең болған жағдайда қатысушылардың орындарын анықтау кезінде ескерілетін болады. 11–15 қараша аралығында алты ойыншыдан тұратын төрт топқа бөлінген шахматшылар «Fast Classic» форматында он партиядан өткізеді. Жеңіс үшін 3 ұпай, ал тең ойын үшін 1 ұпай беріледі. 17–20 қараша аралығында плей-офф кезеңі өтеді. Бұл кезеңде қарсыластар шахматтың барлық үш түрі бойынша бақ сынайды. Екі күнге созылатын әр матч блицтен төрт партияны, рапидтен екі партияны және жеделдетілген классикалық шахматтан бір партияны қамтиды. Нәтижелер тең болған жағдайда жеңімпаз «Армагеддон» жүйесі бойынша шешуші партияда анықталады.
Турнирді «Norway Chess» ұйымы Халықаралық шахмат федерациясымен (FIDE) серіктестікте және Мажарстан шахмат федерациясымен ынтымақтастықта ұйымдастырып отыр. Будапешт 2027 жылы толық іске қосылуы жоспарланған жаңа халықаралық «Total Chess World Championship Tour» сериясының алғашқы ресми пилоттық кезеңін қабылдауда. Алдағы уақытта жаңа серияның жарыстарын әлемнің бірнеше елінде өткізу көзделіп отыр.
Салтанатты ашылу рәсіміне құрметті қонақ ретінде Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Анель Бақытбекқызы қатысып, Бибісара Асаубаева мен үндістандық гроссмейстер Рамешбабу Прагнанандха арасындағы партияда символикалық алғашқы жүрісті жасады.
Іс-шара аясында Елші FIDE президентімен, Қазақстан шахмат федерациясының президенті, «Freedom Holding Corp.» компаниясының негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Тимур Турловпен, Бибісара Асаубаевамен, сондай-ақ Мажарстанның ішкі істер министрі Габор Пошфаимен жеке кездесулер өткізді.
Айта кетейік, Будапешт Қазақстан шахматының тарихында ерекше орын алады. 2024 жылғы қыркүйекте Мажарстан астанасында өткен 45-ші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстанның әйелдер құрамасы алғаш рет күміс медаль иеленді. Қазақстандық команда 18 ұпай жинап, жеңімпаз атанған Үндістан құрамасынан небәрі бір ұпайға қалып қойды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









