Аманғали Бердалин Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесті

    1 / 6

    ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жұмыс сапарымен Ұлытау облысына барып, өңір тұрғындары және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өткізді. Онда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту перспективалары, инвестициялық жобаларды іске асыру, мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді толғандыратын өзекті мәселелер талқыланды.

    «Президент мал шаруашылығын аграрлық экономиканың және азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде жүйелі дамыту міндетін қойды. Мемлекет өз тарапынан ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау құралдарын кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді. Олардың қатарында жеңілдетілген несие беру және ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу тетіктері бар. Бұл механизмдер шаруашылықтар үшін қолжетімді болып, өндіріс көлемін арттыру, жұмыс орындарын ашу және ауылдық аумақтарды дамыту сияқты нақты нәтижелерге бағытталуы маңызды», – деп атап өтті Аманғали Бердалин.

    Кездесу барысында қатысушылар жеңілдетілген қаржыландыру мен субсидиялардың қолжетімділігі, инвестициялық жобаларды іске асыру, шаруашылықтарды жем-шөппен қамтамасыз ету және өндірістік қуаттарды кеңейту мәселелеріне қызығушылық танытты.

    Сондай-ақ, вице-министр азаматтарды жеке қабылдады.

    Жұмыс сапары аясында ол Жаңаарқа ауданында жүзеге асырылып жатқан мал шаруашылығы жобаларының барысымен де танысты. Жалпы, өңірде 2026–2027 жылдары етті мал шаруашылығын, асыл тұқымды мал өсіруді, бордақылау қуаттарын және жеке жем-шөп базасын дамытуға бағытталған алты жаңа нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

    Негізгі жобалардың бірі – Бидайық-2 ауылындағы «Orynbai Meat» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының толық өндірістік циклі бар ет фермасы. Жобаның инвестициялық көлемі 216 млн теңге, нысанды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Бірінші кезеңде фермада ет бағытындағы 600 бас ірі қара ұсталмақ. Кейін мал басын 1 200-ге дейін жеткізу көзделген.

    Жоба өз жем-шөбін өсіру мен дайындаудан бастап, етті өңдеуге дейінгі бірыңғай өндірістік тізбекті қалыптастыруды көздейді. Жем-шөп базасы су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, судан шөбі, арпа, жоңышқа және басқа да дақылдарды өсіру есебінен қалыптастырылмақ. Кәсіпорын болашақта экспортқа шығуды жоспарлап отыр.

    Ал Алғабас ауылында «Saryarka Ranch» ет бағытындағы асыл тұқымды мал өсіру фермасын құру жобасын жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны 375,04 млн теңге, оның 350 млн теңгесі «Жайлау» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы арқылы тартылған. Қаражат асыл тұқымды Әулиекөл тұқымының 205 бас ірі қарасын сатып алуға және қажетті өндірістік инфрақұрылымды салуға бағытталған.

    Қарамола ауылындағы «Берікбол» шаруа қожалығында да мал шаруашылығын кеңейту жұмыстары қолға алынуда. Қолданыстағы үш мал шаруашылығы алаңының негізінде жеке жем-шөп базасы бар заманауи фермалар салу көзделген. Жобаға 250 млн теңге инвестиция салынады. Бұл шаруашылықтың өндірістік мүмкіндіктерін арттыруға, мал өнімділігін көтеруге және ішкі нарыққа мал мен ет өнімдерін тұрақты жеткізуді қамтамасыз етеді.

    Жәйрем кентінде вице-министр жалпы құны 452,21 млн теңгелік екі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатқан «Бастау» шаруа қожалығына барды. Бірінші жобаға 132,21 млн теңге инвестиция салып, отбасылық ферма құру көзделсе, екінші жоба 320 млн теңге көлеміндегі инвестициямен ірі және ұсақ мал өсіру мен өткізу бағыттарын дамытуға арналған.

    Сондай-ақ ол «Әбдіғазиз» шаруа қожалығына барып, «Sarysu» кредиттік серіктестігі арқылы жеңілдетілген несие беру қолдауымен салынып жатқан мал шаруашылығы кешенінің құрылысымен танысты. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Қаржыландыру көлемі 54 млн теңгені құрады, нысанды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Шаруашылық «Ulytau sheep» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жобасына қатысу аясында 700 бас қой алған.

    Жалпы, Ұлытау облысының агроөнеркәсіптік кешені оң динамиканы көрсетіп отыр. 2026 жылы егіс алқабы 26,8 мың гектарды құрап, 23,1 мың тонна астық жиналды. Жем-шөп дайындау жоспары толық орындалды. Мемлекетке пайдаланылмай жатқан 67,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Бұл жоспардың 112%-ын құрайды.

    Саланы дамытуда мемлекеттік қолдау шаралары маңызды рөл атқарады. 2026 жылы облыстың агроөнеркәсіптік кешенін субсидиялауға 4,9 млрд теңге қарастырылған, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды қаржыландыруға 5,4 млрд теңге бағытталды. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы бойынша 4 млрд теңге бөлініп, оның 2,5 млрд теңгесі үш жобаны іске асыруға қаржыландырылды.

    Көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарына жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары аясында 12 фермерге 866 млн теңге берілді. Сонымен қатар 5% мөлшерлемемен айналым қаражатын несиелендіру бағдарламасы бойынша бордақылау алаңдарына 140 млн теңге, өңдеу кәсіпорындарына 100 млн теңге көлемінде қаржыландыру мақұлданды.

    Жұмыс сапары аясында Аманғали Бердалин ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі еңбеккерлері күні мерекесіне арналған өңірлік агрофорумға да қатысты. Іс-шара барысында салада үздік нәтиже көрсеткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мен сала ардагерлері марапатталды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі" жаңалықтары