Астанада отандық агроөнеркәсіп кешенінің үздіктері марапатталды

    1 / 15

    Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, оған аграрлық сала ардагерлері, агроөнеркәсіп кешенінің өкілдері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің және оған қарасты ұйымдардың қызметкерлері қатысты.

    Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін және Мемлекет басшысының айрықша назарында екенін атап өтті.

    «20 қарашада Мемлекет басшысының қатысуымен еліміздің барлық өңірінен ауыл шаруашылығы саласының екі мыңнан астам өкілін біріктірген Үшінші ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумы өтті. Форум қорытындысы бойынша мал шаруашылығын дамыту, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, саланы цифрландыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында бірқатар маңызды тапсырма берілді. Біздің басты міндетіміз – осы тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету», – деді министр.

    Ауыл шаруашылығы жылын қорытындылай келе, Айдарбек Сапаров саланың тұрақты даму қарқынына тоқталды. Биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан, диқандар 24,5 млн тонна астық жинады. Оның ішінде жұмсақ бидайдың 72 пайызы жоғары сапалы сұрыпқа жатады. Сондай-ақ мақтадан рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, 556 мың тонна өнім жиналды.

    Сыртқы сауда саласында да оң үрдіс қалыптасып отыр. Былтыр астық пен ұн экспорты 16 млн тоннаға жетіп, еліміз тәуелсіздік алғалы бергі ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Жалпы, отандық агроөнеркәсіп кешенінің өнімдері әлемнің 72 еліне экспортталады.

    Министр сала ардагерлері мен барлық еңбеккерлерге алғыс білдіріп, агроөнеркәсіп кешенінің әрбір жетістігінің артында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден бастап ғалымдар, ветеринарлар, технологтар мен қайта өңдеу саласының мамандарына дейінгі мыңдаған кәсіби маманның күнделікті еңбегі тұрғанын атап өтті.

    «Отандық агросектордың жетістіктері – ең алдымен, жермен жұмыс істеп, өндірісті өркендетіп, жаңа технологияларды енгізіп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген еңбек адамдарының маңдай терінің нәтижесі. Әрбір жетістіктің артында кәсібилік, жауапкершілік және өз ісіне деген адалдық жатыр. Бүгін біз аграрлық салаға саналы ғұмырын арнаған жандарға айрықша алғыс білдіріп, еңбегі зор құрметке лайық азаматтарды ұлықтап отырмыз. Олардың мол тәжірибесі, білімі мен нәтижеге деген ұмтылысы Қазақстан ауыл шаруашылығының одан әрі дамуына берік негіз болады деп сенемін», – деді Айдарбек Сапаров.

    Салтанатты рәсім барысында министр сала ардагерлері мен үздік мамандарға мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыс етті.

    Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Едрес Жиенқұловқа «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.

    Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Көшербай Дәулетбаевқа, Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Галина Барановаға және басқа да азаматтарға «Құрмет» ордені табысталды.

    «Қазақстандық аграрлық сараптама» акционерлік қоғамы Қостанай филиалының бас технологы және басқа да сала мамандары III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.

    Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Батыс Қазақстан филиалының бас энтомологы Наталья Ахметоваға, орталықтың Жетісу облысы бойынша филиалының бас фитопатологы Ұлтай Мамаеваға, «JFOOD MILLS» серіктестігі технологы Марфуға Алтынбековаға, «Татым» жеке кәсіпкерлігінің технологы Александра Шаймұхаметоваға және басқа да азаматтарға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.

    Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешенінің дамуына елеулі үлес қосқан Ауыл шаруашылығы министрлігінің, оның комитеттері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, сондай-ақ Құрмет грамоталарымен марапатталды.

    Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі" жаңалықтары