Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Жалаңаш ауылында Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов 333-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құрылымын салтанатты түрде ашты. Жаңа өрт сөндіру бекеті Жалаңаш, Жидебай, Сәуле, Үшарал және Қарақой атты бес елді мекендегі шамамен 1 100 тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Бекет қажетті өрт сөндіру техникасымен және жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жеке құраммен жасақталған. Енді жергілікті тұрғындар ерікті өрт сөндірушілердің көмегіне оқиға орнында жүгіне алады. Бұл өрт пен басқа да оқиғаларға жедел әрекет етуге, сондай-ақ кәсіби бөлімшелер келгенге дейін жалынның таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсім барысында министр Мұрат Мұханов өрт сөндіру бекетін құруға және оның қалыптасуына белсенді үлес қосқан бірқатар азаматқа ведомстволық наградалар табыстады. Сонымен қатар олардың еңбегі облыс әкімінің грамоталарымен атап өтілді. Айта кетейік, өрт сөндіру бекетінің ғимараты Бауыржан Қаршаловтың жеке қаражаты есебінен салынған. Бұл бастама жеке тұлғалардың ауылдық жерлердегі өртке қарсы инфрақұрылымды дамытуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлгісі болды.
333-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымның ашылуы – жобаны дамыту жолындағы кезекті қадам. Жергілікті тұрғындардың қатысуы, кәсіпкерлердің қолдауы және азаматтық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл төтенше жағдайлардан адамдар мен олардың мүлкін қорғаудың қосымша мүмкіндіктерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









