ТЖМ әмбебап құтқару бөлімшесін ашты

    1 / 28

    Қарағанды облысының Молодежный кентінде Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов №28 жаңартылған өрт сөндіру бекетін ашты. Реновациядан кейін мұнда өрт сөндіруші-құтқарушылар мен ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері бір ғимаратта жұмыс істейді.

    Бөлімше 6 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, автомобиль жолдарындағы оқиғаларға жедел ден қояды және «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағын табиғи өрттерден қорғауға қатысады.

    Өрт сөндіру бекетінің базасына ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының трассалық медициналық-құтқару пункті көшірілді. Оның қызметкерлері тәулік бойы жол-көлік оқиғалары орын алған жерлерге шығып, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Пункттің жауапкершілік аймағы автомобиль жолының 50 шақырым радиустағы учаскесін қамтиды.

    1967 жылы пайдалануға берілген ғимарат ауқымды реновациядан өтті. Қызметтік және жатын бөлмелері жаңартылып, асхана жабдықталды, «Batyr Team» спорт залы ашылды. Өрт сөндіру-құтқару техникасы мен реанимобильді орналастыруға арналған ангар кеңейтілді.

    Іргелес аумақ та абаттандырылды. Ағаштар мен сәндік өсімдіктер отырғызылып, күркесі бар демалыс аймағы жасақталды, мүсіндік композиция орнатылды.

    Ашылу салтанатында ТЖМ басшысы жаңа техниканың кілттерін табыстап, нысанды жаңартуға үлес қосқан қызметкерлер мен ұйым өкілдерін ведомстволық наградалармен марапаттады.

    ТЖМ еліміздің барлық өңірінде әмбебап құтқару бөлімшелерінің желісін дамытып келеді. Өрт сөндіруші-құтқарушылар мен Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлерінің бірлескен кезекшілігі оқиға орнында құтқару жұмыстарын жүргізіп, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі" жаңалықтары