Профилактикалық акцияның бесінші күні «Қауіпсіздік баршаға қолжетімді» ұранымен өтуде

    1 / 19

    Еліміздің барлық өңірінде құтқарушылар ерекше қажеттіліктері бар адамдар, қарт азаматтар және әлеуметтік мекемелер қызметкерлері арасында өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізді.

    Онкүндіктің бесінші күні республика бойынша 208 профилактикалық іс-шара өткізіліп, оларға 10 мыңнан астам адам, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар 2184 адам қамтылды. 145 нұсқама және практикалық сабақ ұйымдастырылып, 77 оқу-жаттығу эвакуациясы өткізілді. Профилактикалық жұмыстарға 108 әлеуметтік және білім беру мекемесі тартылып, 1076 ТЖМ қызметкері жұмылдырылды.

    Ақпараттың қолжетімділігіне, хабарлау жүйелерін бейімдеуге және адамдардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қауіпсіз эвакуациялау тәртібін пысықтауға ерекше назар аударылды.

    Алматы қаласында өткен іс-шараға Төтенше жағдайлар министрінің инклюзия мәселелері жөніндегі кеңесшісі Меруерт Құлахметова, Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Мирас Зейнолдин, Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары Ануар Юсупов, әлеуметтік мекемелердің өкілдері және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар қатысты.

    Теориялық бөлім Төтенше жағдайлар кезінде халықты оқыту және даярлау қалалық орталығында өтті. Қатысушыларға субтитрлері мен дыбыстық сүйемелдеуі бар оқу бейнеролигі көрсетіліп, сурдоаудармашының көмегімен қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар жарық арқылы хабарлау құрылғылары, дыбыстық және сөйлеу сигналдары көрсетілді. Көру қабілеті бұзылған адамдар үшін Брайль қарпімен жазылған жадынамалар дайындалды.

    Практикалық бөлім «Алатау» әлеуметтік қызметтер орталығында өткізілді. Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, ғимараттың бірінші қабатында шартты өрт шығып, төртінші қабатта өздігінен эвакуациялана алмайтын адам болған. Құтқарушылар оны автосатының көмегімен эвакуациялау жұмыстарын пысықтады. Жалпы ғимараттан 200 адам, оның ішінде 150 әлеуметтік қызмет алушы және 50 орталық қызметкері эвакуацияланды.

    Ақтөбе облысында профилактикалық іс-шаралар барлық ауданда өткізілуде. Ерекше назар қарт адамдарға, мүгедектігі бар азаматтарға және әлеуметтік нысандарға аударылуда.

    Акция аясында мамандар Соқырлар қазақ қоғамының Ақтөбе оқу-өндірістік кәсіпорнына барды. Бейінді мамандармен бірлесіп өрт дабылы жүйелерінің жағдайы тексеріліп, анықталған кемшіліктер жойылды және өрт сөндіргіштерге техникалық қызмет көрсетілді. Сондай-ақ мекеме қызметкерлерімен өрт кезіндегі іс-қимылдар мен эвакуация тәртібі бойынша түсіндіру әңгімелері және практикалық сабақтар өткізілді.

    Т ЖМ қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және баршаға қолжетімді қауіпсіз орта құру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Хабарлау жүйелері, оқыту бағдарламалары мен эвакуациялау жоспарлары халықтың барлық санаттарының қажеттіліктерін ескеруі тиіс.

    Басты міндет - әрбір адамның қауіп туралы ақпаратты уақтылы алуына, дұрыс бағдарлануына және төтенше жағдай кезінде ғимараттан қауіпсіз шығуына мүмкіндік жасау.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі" жаңалықтары