Шымкент қаласында Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир басталды. 1979 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл жарыс бүгінде қала спортының тарихында өзіндік орын алған маңызды додаға айналды.
Осы уақыт аралығында дәстүрлі турнирде көптеген боксшылар тәжірибе жинады. Әлем чемпиондары мен Олимпиада ойындарының жүлдегерлері бақ сынап, жас дарындар талабын ұштады. Биыл да дәстүрлі сайыс көрші елдер мен Қазақстанның өңірлерінен келген спортшылардың басын қосып отыр.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов, қалалық бокс федерациясының президенті Бауыржан Кәрімов және Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдәлиевтің немересі Бауыржан Әбдәлиев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Биылғы додада тоғыз команда сапында 152 спортшы жүлделі орындарды сарапқа салады. Шымкентке еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан боксшылар келді. Абай, Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облыстарының, сондай-ақ, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының спортшылары сайыс көрігін қыздырмақ.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









