ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЫҢДАДЫ

    1 / 7

    ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында қала тұрғындарымен, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді. М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-да өткен жиында Мансұр Тұрсынұлы азаматтардың мәселелерін, ұсыныстарын тыңдап, сауалдарына жауап берді.

    Іс-шара барысында вице-министр государственный орган тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар, бірқатар өзгерістерді баяндады. Негізінен, жиын сұрақ-жауап форматында өтті. Қала тұрғындары, ОҚЗУ-дың оқытушылары мен студенттері бірқатар сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

    Басқосуда оқу орнының ұстаздары докторанттарға, магистранттарға экологиялық ғылыми зерттеулер жүргізу, тағылымдамадан өтуге мүмкіндіктер жасалса деген талап-тілектерін айтты. Ірі өндіріс орындарынан көбірек іс-тәжірибеден өту, ғылыми жұмыстар жүргізуге мүмкіндік жасауды өтінді. Одан бөлек, қала тұрғындары өндіріс орындарынан шығатын қалдықтар, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, өңдеу мәселесін көтерді. Құрылыс қалдықтарын басқарудың нақты алгортимдерін айқындау да маңызды мәселелердің бірі.

    – Былтыр сәуір айында да өздеріңізбен жүздескен едім. Бүгін де сауалдарыңызды тыңдауға арнайы келдім. Айтылған сұрақтар, ұсыныстардың бәрі де хаттамаға енгізіледі, тиісті мекемелерге жеткізіледі. Жалпы айтқанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Шымкентте өте жақсы нәтижелер бар. Қала тұрғындары акцияға белсене үлес қосып, қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға айрықша үлесін қосуда.

    Тағылымдамадан, іс-тәжірибеден өту мәселесін өте дұрыс көтеріп отырсыз. Қазір бізге ғылыммен айналысатын, талапты, білімді жастар өте қажет. Экология саласында, әр өңірде экология департаменттерінде мамандар жетіспейді. Жыл өткен сайын Шымкентте де ауа сапасын бақылаудың маңызды артып келеді. Талдау жұмыстары, ғылыми зерттеулер арқылы мәселелерді шешуге болады. Жалпы жергілікті халықтың мүддесін қорғайтын шешімдер қабылдау кезінде азаматтардың пікірін ескеру маңызды. Бүгін айтылған мәселелер толық зерделеніп, тиісті шешімдер қабылданады, – деді вице-министр.

    Бүгінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі ғылыми жұмыстарды қаржыландыру бойынша түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруда.

    Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында М.Ошурбаев азаматтарға жеке қабылдау өткізіп, жергілікті БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары