Шымкентте «Қазақстан – Өзбекстан: өнеркәсіптік кооперация, сауда және жаңа инвестициялық мүмкіндіктер»тақырыбында бизнес-форум өтіп жатыр. Іс-шараның мақсаты – сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, тікелей іскерлік байланыстар орнату, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру.
Іс-шараға Өзбекстанның құрылыс материалдарын өндіру, тамақ және тоқыма өнеркәсібі, агробизнес, машина жасау және инжиниринг, құрылыс, ақпараттық технологиялар, логистика, тұтыну тауарлары, фармацевтика және мал шаруашылығы салаларында қызмет ететін кәсіпорындары мен іскерлік топтарының 120-дан астам өкілі, сондай-ақ, отандық кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда.
Форум аясында екі елдің экономикалық әлеуеті таныстырылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент пен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 331 млн АҚШ долларына жетті, оның ішінде экспорт – 248 млн, импорт – 83 млн АҚШ доллары. Қалада өзбек капиталының қатысуымен 283 кәсіпорын тіркелген.
Шымкентте жалпы ауданы 1 530 гектарды құрайтын 8 инвестициялық алаң жұмыс істейді. Олардың аумағында 350-ден астам өнеркәсіптік жоба іске асырылып, 11 мыңға жуық жұмыс орны құрылған.
Қазақстандық кәсіпкерлер мен өзбекстандық компаниялар арасындағы әріптестікті кеңейту мақсатында B2B форматында кездесулер өткізіліп, мүдделі тараптар арасында келісімшарттар жасалды. Сондай-ақ, Шымкент қаласында немесе Өзбекстанда бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде меморандумдарға қол қойылды.
– Екі ел кәсіпкерлері арасындағы қалыптасқан ынтымақтастық бизнестің табысты өзара іс-қимылын көрсетіп отыр. Мәселен, Өзбекстанның “DENTAFILL PLYUS” компаниясы инвесторларының қатысуымен медициналық бұйымдар мен дәрілік препараттар өндіретін, құны 10 миллион АҚШ долларын құрайтын бірлескен өндіріс жұмыс істейді. Қазіргі таңда өндіріс көлемін тағы 8,5 миллион долларға кеңейту мәселесі қарастырылуда.
Өзбекстандағы электр жабдықтарын, фотоэлектр станцияларын және жарықдиодты жарықтандыру жүйелерін өндіруге маманданған жетекші компаниялардың бірі – TOSHELECTROAPPARAT қазақстандық компаниямен бірлесіп, энергия есептегіш құралдарын өндіру бойынша құны 1 миллион АҚШ долларын құрайтын жобаны жүзеге асырды.
Сонымен қатар, өзбекстандық кәсіпкерлер қазақстандық компаниямен бірлесіп, құны 2 миллион АҚШ долларын құрайтын медициналық тігіс материалдарын өндіру жобасын іске асыруда, – деді Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сүлейменов.
Іскерлік миссия бағдарламасы аясында өзбекстандық делегацияның қаланың индустриялық аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындарға баруы жоспарланған. Форум бірлескен өндірістер құруға, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және өзара сауданы кеңейтуге бағытталып отыр.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









