КІЛЕМ ТОҚУДАН ШЕБЕРЛІК САБАҒЫ ӨТКІЗІЛДІ

    1 / 2

    Шымкентте есту қабілеті бұзылған оқушы қыздарға кілем тоқу бойынша шеберлік сабағы өткізілді. Қаладағы Креативті хабта №1 арнайы мектептің оқушылары ұлттық қолөнермен танысып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және мәдени мұраны сақтауға бағытталған сабаққа белсене қатысты.

    Кілем тоқу және қолөнер шебері Камила Арманова оқушыларға таныстыру сабағын өткізіп, өз тәжірибесін көрсетті. Шеберлік сабағына 5-7 сынып оқушыларымен бірге, көркем еңбек пәнінің мұғалімі де келді.

    Арнайы мектеп пен Креативті хабтың ынтымақтастығына бір жылға жуық уақыт болған. Осы уақыт ішінде оқушылар әр бейсенбі сайын хабқа келіп, тегін шығармашылық сабақтарға қатысып жүр. Бұған дейін қыздар жүннен киіз басу және эпоксидті шайырмен жұмыс істеу бойынша шеберлік сабақтарына қатысқан.

    «Кілем тоқу – мәдени мұрамыздың маңызды бөлігі. Бүгін қыздардың жұмысқа соншалықты қызығушылықпен кіріскенін көріп, шын жүректен қуандым. Саусақтардың белсенді жұмыс істеуі ұсақ моторика мен ойлау қабілетін дамытады. Сондықтан бұл өнерді келер ұрпаққа жеткізу өте маңызды», – дейді Камила Арманова.

    Алғашқы сабақта шебер қыздарға кілем тоқудың бастапқы кезеңін көрсетті. Атап айтқанда, мақта жібінен негіз дайындау және талшықтарды бірнеше қабат етіп иіріп, ұршықпен жіп жасау тәсілдерін үйретті. Камила Арманова мамандығы бойынша есепші болған. Ол кілем тоқуға бала кезінен анасы мен әжесінің жанында жүріп қызыққан. Зейнетке шыққаннан кейін сүйікті ісіне қайта оралып, Креативті хабта және онлайн форматта сабақ бере бастаған.

    Шеберлік сабақтарында алған білімдерін оқушылар өз мектептеріндегі еңбек сабақтарында бекітіп, түрлі пішіндермен тәжірибе жасап, өз бұйымдарын жасауда. Алдағы желтоқсан айында оқушылардың қолынан шыққан туындыларды Креативті хабта өтетін көрме-жәрмеңкеде таныстыру жоспарланып отыр.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары