Болат Ақшолақов Мақат ауданының тұрғындарымен кездесті

    1 / 16

    Баспанамен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, су мәселесі және елді мекендерді көркейту жайы облыс әкімі Болат Ақшолақовтың Мақат жұртшылығымен кездесуінде талқыланған негізгі тақырыптар қатарында болды. Аймақ басшысы алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, іске асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

    Аудандағы өткір мәселенің бірі — апатты тұрғын үй қоры. Облыс бойынша есепте тұрған апатты үйлердің басым бөлігі осы ауданда. Барак тектес қос қабатты үйлердің салынғанына бір ғасырдан асқан. Биыл осындай жеті үйде және алты көпқабатты апатты үйде тұрып келген 83 отбасы жаңа баспаналы болды. Соған қарамастан, мәселе әлі күнге өзектілігін жоймай отыр. Ауданда тағы 121 ескі екі қабатты және бір көпқабатты апатты үй бар. Алдағы үш жылда бұл үйлердің тұрғындарын кезең-кезеңімен жаңа пәтерлерге қоныстандыру жоспарланған.

    Әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарды баспанамен қамту мәселесі өз алдына бөлек талқыланды.
    Биыл 48 отбасы пәтер алған. Жыл біткенше тағы 180 отбасы баспанаға қол жеткізбек. Доссор кентінде әрқайсысы 60 пәтерлік үш қабатты 3 үй, 60 екі пәтерлі тұрғын үй бой көтеріп келеді.

    Облыс әкімі Мақаттағы құрылысы аяқсыз қалған 60 пәтерлік үйге қатысты жағдайды да түсіндірді. Құрылыс мердігердің жауапсыздығының кесірінен тоқтаған. Енді мұнда қосымша зерттеу жүргізбейінше жұмысты жалғастыру мүмкін емес. Үйдің іргетасында пайда болған жарықтар бүгінде ұлғая түскен. Алда қандай шешім қабылданатыны техникалық сараптаманың қорытындысына байланысты болады.

    Қолданыстағы тұрғын үй қорын жөндеу жұмыстары да жалғасып жатыр. Ауданда 17 көпқабатты үйдің қасбеті мен шатыры, электр желілері жөнделді. Тағы алты үйдегі жұмысты жыл аяғына дейін тәмамдау көзделген.
    2027 жылға тағы 21 көпқабатты үйді жөндеу жоспарда бар.

    Жол инфрақұрылымын дамыту бойынша да ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Мақат кентінде жөнделуі тиіс 24 шақырым жолдың 20 шақырымында жұмыс аяқталды, қалған 4 шақырымын жыл аяғын дейін тапсыру көзделген.
    Доссордағы 28,7 шақырымдық жолдың құрылысы жалғасуда: биыл 12 шақырымына асфальт төселді, қалған 16,7 шақырымын келесі жылы салып бітіру жоспарланған. Жобалар толық іске асқан соң аудандағы қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға жетпек.

    Бұл жұмыстармен қатар көшені жарықтандыру және электрмен жабдықтау жүйелері жаңартылу үстінде. Биыл Бәйгетөбе ауылында 27 шақырым көше жарықтандырылды. Доссорда жалпы ұзындығы 77 шақырым көше желілерін жарықтандыру және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мақат кентінде жалпы ұзындығы 25 шақырым болатын 12 көшеде жарықтандыру жүйесін салу және қайта жаңарту, тозығы жеткен 117 бағананы ауыстыру жұмыстары жалғасуда.

    «Атырау Жарық» АҚ-мен бірге 36 шақырым ескі электр желілерін жаңғырту және сымдарды оқшауланған ӨОС-ға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Мұның барлығы жыл біткенше аяқталуы тиіс. Осыдан кейін ауданның электр желілерін жаңарту деңгейі 80%-ға жетеді деп болжанып отыр.

    Ауыз сумен қамтамасыз етудің сенімділігіне де ерекше назар аударылады. Мақат кентінде 1975 жылдан бері жөндеу көрмеген, әрқайсысының көлемі 2 000 текше метрлік төрт қазан күрделі жөндеуден өтті. Доссордағы жерасты суымен жабдықтау станциясында әрқайсысы 3 000 текше метрлік үш қазанның құрылысы аяқталды. 2027 жылы Доссор және Ескене су сорғы станцияларын күрделі жөндеу жоспарда тұр. Бұл магистральдық су құбырымен ауыз су берген кезде қажетті қысымды ұстап отыруға мүмкіндік береді.

    Аудандағы ұзаққа созылған жобалардың бірі — Доссордағы кәріз жүйесінің құрылысы. Жұмыс 2018 жылы басталса да, кәріздік тазарту құрылыстары әлі күнге дейін салынып болмаған. Облыс әкімі жобаны аяғына дейін жеткізіп, келесі жылы нысанды пайдалануға беру керегін атап өтті. Аудан басшысына мәселені жеке бақылауына алу жүктелді.

    Бұған қоса, Мақат пен Доссорда жазғы су құбырларын салу жоспарда. Олар тазартылған сарқынды су беруге, соның ішінде талдар мен көгалдарды суаруға да пайдаланылмақ. Бұл су ресурстарын тиімді пайдалануға және елді мекендерді көгалдандыру мүмкіндіктерін кеңейтуге оң ықпал етеді.

    Білім беру саласында қолданыстағы нысандарды жаңарту және жаңа жобаларды әзірлеу
    жұмыстары жалғасуда. Былтыр Мақат кентіндегі №2 бастауыш мектепте NCOC компаниясының қолдауымен басталған күрделі жөндеу жұмыстары жобаға тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін қайта жанданды.

    Доссордағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау үшін жаңа мердігер анықталды. Нысан 2027 жылы толық салынып бітуі тиіс. Облыс әкімі құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына жобаның сапасы мен мерзімдерінің сақталуына бақылауды күшейтуді тапсырды.

    2027 жылы М. Баймұханов және Б. Қанатбаев атындағы орта мектептерді реновациялау көзделген. Бұдан бөлек, Мақаттағы Мұнайшы және Бейбітшілік көшелерінде әрқайсысы 160 орындық екі балабақша салу жоспарланып отыр. Жобаның бірі NCOC компаниясының демеушілік қолдауымен жүзеге асырылады.

    Биыл NCOC компаниясының демеушілігімен аудандық аурухана заманауи медициналық жабдықтар мен арнайы көлікке қол жеткізді. Бұл мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік берді.

    Аудандағы маман тапшылығы мәселесін шешу үшін соңғы екі жылда өзге өңірлерден 18 білікті маман тартылып, барлығы тұрғын үймен қамтамасыз етілген.

    Ауданда жаңа саябақтар, скверлер және спорт алаңдары да ашылды. Доссорда заманауи жүзу бассейнін салу жобасын әзірлеу жоспарланып отыр.

    Цифрлық инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. «Қазақтелеком» АҚ-мен бірге елді мекендер кезең-кезеңімен талшықты-оптикалық байланыс желілеріне көшіріліп жатыр. Бәйгетөбеде жұмыс аяқталды, Мақат пен Доссорда әлі жүріп жатыр.

    Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында ауданда 379 бейнебақылау камерасы орнатылуда. Жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар полиция департаменті тарапынан 84 камера қойылған. 2027 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қоғамдық орындарда, аулалар мен жолдарда «Сергек» жүйесінің тағы 400 камерасын орнату қарастырылған.

    Өңір басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясындағы жұмыстарды ерекше атап өтті. Экологиялық акциялардың біріне бір уақытта ауданның 2 500-ге жуық тұрғыны қатысып, Мақат ауданы Дүниежүзілік рекордтар кітабына енді. Қалдықтарды жинау орындарын санитарлық талаптарға сәйкестендіру үшін 115 қоқыс алаңын жаңарту жоспарланған. Бұдан бөлек, ауданда рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтау, қоғамдық тәртіп пен өрт қауіпсіздігін бақылау үшін ұшқышсыз аппараттар пайдаланылады.

    Аудандағы тағы бір күрделі мәселенің бірі — Ескене ауылы мен Таскескен елді мекенінің тұрғындарын көшіру. Бұл қажеттілік ірі өнеркәсіптік жобалардың іске асырылуына және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты бірнеше жылдан бері қарастырылып келеді. Болат Ақшолақовтың айтуынша, облыс әкімі лауазымына тағайындалған сәттен бастап мәселені бірнеше мәрте зерделеп, орталық мемлекеттік органдармен талқылаған. Бүгінде осы мақсатта арнайы комиссия құрылды.
    Көшіру жұмыстары республикалық және жергілікті бюджеттерден қаражаттың бөлінуіне немесе демеушілік көмекке, сондай-ақ Атырау қаласындағы тұрғын үй құрылысының қашан аяқталатынына байланысты. Өңір басшысы бұл мәселені жеке бақылауында ұстайтынын айтты.

    Әкіммен ашық диалог орнатқан тұрғындар елді мекендерді көгалдандыруды, денсаулық сақтау саласын дамытуды, Ескене тұрғындарын жұмыспен қамтуды, балалар алаңдары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің жетпейтінін, сондай-ақ тұрақты автобус қатынасының жоқтығын мәселе етіп көтерді.
    Мұнай учаскелерін рекультивациялағаннан кейін аумақтарды абаттандыруға, мәдениет үйлерін салуға, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ауыл шаруашылығын дамытуға және кәсіпкерлерге арналған тариф саясатын қайта қарауға қатысты ұсыныстар да болды.

    Кездесу соңында аудан әкімі мен салалық басқарма басшылары тұрғындардың өтінішін мұқият зерделеп, қолданыстағы заңнама аясында шаралар қабылдауға міндеттелді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының әкімдігі" жаңалықтары