Отбасы банкінің Атырау филиалы 20 жылдық мерейтойын жаңа ғимаратта атап өтті

    1 / 3

    Атырау қаласында «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының жаңа ғимараты ашылды. Енді өңір тұрғындары банк қызметтерін заманауи әрі қолайлы жағдайда қолдана алады. Жаңа ғимарат Сәтпаев даңғылы, 21 мекенжайында орналасқан.
    Оның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Болат Ақшолақов қатысып, банк ұжымы мен өңір тұрғындарына жылы лебізін білдірді. Аймақ басшысы қаржы ұйымының халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге және өңірдегі тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыруға қосқан үлесін айрықша атап өтті.

    – Осы жылдары банк мыңдаған жерлесіміздің баспаналы болуына мүмкіндік беріп, халықтың сенімін иеленді. Өңірде банкпен бірлесе бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырдық. Соның нәтижесінде облыстың 465 тұрғыны жалдамалы баспанаға қол жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Облыста әлеуметтік осал топ санатына жататын азаматтарға арналған жаңа тұрғын үйлер салынуда. Мұның барлығы – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірлескен жұмыстың нәтижесі. Банктің осындай заманауи әрі кең ғимарат ашып, халыққа қолайлы жағдай жасап жатқаны қуантады. Мұнда балаларға арналған ойын бөлмесі, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қызмет көрсетуге арналған арнайы аймақтар қарастырылған. Осы ғимараттың ішінен әр отбасы қуанышты хабар алып, өз баспанасының кілтімен шықсын! – деді облыс әкімі.

    2006 жылғы 3 наурызда жұмысын бастаған «Отбасы банк» АҚ биыл 20 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр.

    Айта кетейік, соңғы үш жылда облыста «Атырау жастары», «Аудан жастары», медицина қызметкерлеріне арналған бағдарлама және «Берекелі баспана» сынды сегіз өңірлік тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылды. Оларды қаржыландыруға 11,5 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 675 отбасы баспаналы болды. Атырау облысының 147 157 тұрғыны тиімді шарттармен баспана алу мақсатында «Отбасы банкте» қаражат жинап келеді.

    Болат Ақшолақов сөзін қорытындылап, тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, облыс әкімдігі алдағы уақытта да «Отбасы банкпен» бірге тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыруды және баспана жағдайын жақсартуды қажет ететін отбасыларды қолдау шараларын жалғастыра бермек.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының әкімдігі" жаңалықтары