Қазақстанда бірнеше қалада қатар өткен ең ірі Decentrathon 6.0 хакатонының жеңімпаздары анықталды

    1 / 4

    Қазақстанның 19 қаласында бір мезетте өткен Decentrathon 6.0 хакатоны қорытындыланды. Екі күн ішінде командалар үш қолданбалы тапсырма бойынша 1 521 шешім ұсынды. Өңірлік есеп бойынша 54 команда жеңімпаз атанып, әрқайсысы 500 мың теңгеден иеленді. Өңірлік есептің жалпы жүлде қоры 27 млн теңге болды.

    Decentrathon 6.0 хакатоны 2026 жылғы 30–31 қазанда өтті. Шараны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Astana Hub пен Blockchain & AI Technology Center (BAITC) ұйымдастырды. Байқауға қатысуға 5 625 адам тіркелді. Ақтаудан Өскеменге дейінгі 19 қалада ашылған алаңдар әзірлеушілердің, студенттер мен жас мамандардың басын қосты. Қатысушылар жасанды интеллект саласындағы бизнес міндеттерін шешумен айналысты.

    «Технологиялық саланың дамуы еліміздің түкпір-түкпіріндегі дарынды жандарға жол ашуы тиіс. Ол үшін өңірлік технологиялық қауымдастықтарды нығайтып, мамандардың өз білімін тәжірибеде қолдануына жағдай жасау маңызды. Decentrathon дәл осы міндеттерді тоғыстырады: қатысушылар бизнестің нақты сұраныстарымен жұмыс істеп, өзара тәжірибе алмасады әрі өз идеяларын сынақтан өткізеді. Мұндай бастамалар өңірлердің кадрлық әлеуетін қалыптастыруға және отандық цифрлық өнімдерді әзірлеуге қазақстандық әзірлеушілерді кеңінен тартуға септігін тигізеді», — деп атап өтті Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

    Қатысушылар үш нақты тапсырма бойынша жұмыс істеді. Командалар Qazaq Loc QA бағыты аясында ойынның қазақ тіліне аудармасын тексеретін құралдарды, ал Support Copilot бағыты бойынша қолдау қызметіне арналған ЖИ-көмекшілерді әзірледі. Бұл міндеттер өнімді тілдік бейімдеу сапасын арттыруға және пайдаланушылардың өтініштерін өңдеуге бағытталды.

    Soup Kernel Challenge бағытында әзірлеушілер тілдік үлгілерді қосымша оқытуды жеделдету және сапасын төмендетпей бейнежад шығынын азайту жолдарын іздеді. Бұл тапсырма қатысушыларды жасанды интеллект өнімдерін дамытудағы тәжірибелік міндеттердің бірі — есептеу қуатын барынша тиімді пайдалану ісіне жұмылдырды.

    «Бизнестің нақты бір міндетімен жұмыс істеу барысында команда өз әзірлемесінің қандай пайда әкелуі тиіс екенін айқын түсінеді. Decentrathon аясында қатысушылар ойынды қазақ тіліне сапалы бейімдеуден бастап, тілдік үлгілерді қосымша оқытудың тиімділігін арттыруға дейінгі әртүрлі бағытты таңдай алды. Екі күн ішінде командалар 1 521 шешім ұсынды. Біз үшін мұндай тәжірибенің өңірлерде де қолжетімді болуы маңызды: бұл әзірлеушілерге өз дағдыларын сынап көруге, пікірлестер табуға және технологиялық компаниялардың сұраныстарын тереңірек түсінуге септігін тигізеді», — деп атап өтті Astana Hub басқарушы директоры Валерия Тё.

    Өңірлік есептің қорытындысы бойынша қазылар алқасы 54 жеңімпаз команданы анықтады. Astana Hub, Grand Mobile және Soup стартапының қатысуымен жасақталған жүлде қоры 27 млн теңге болды.

    «Decentrathon өткізілгелі бері жеңімпаздардың 39%-ы өңірлерден шықты. Бұл ірі қалалардан тыс жерлерде де зор технологиялық әлеуеттің бар екенін айқын көрсетеді. Сондықтан алтыншы маусымда біз басты назарды өңірлерге аудардық. Сонымен қатар серіктестеріміз дарынды мамандарды тауып, кейін жұмысқа орналастыруды да көздеді. Decentrathon жобасы еліміздің түкпір-түкпіріндегі әзірлеушілерге қай қалада тұрса да, компаниялар алдында өз қабілетін танытуға жол ашты», — деп атап өтті Blockchain & AI Technology Center (BAITC) бас директоры Айдана Қасқырбек.

    Decentrathon 2023 жылдан бері өткізіліп, Қазақстанның өңірлік технологиялық қауымдастықтарының басын қосып келеді. Жобаның мұндай құрылымы студенттерге, әзірлеушілер мен жас мамандарға өз қаласындағы алаңда команда жасақтап, бизнестің нақты міндеттерімен жұмыс істеуге жағдай жасайды. Хакатон өзара тәжірибе алмасуға, пікірлестер табуға және кәсіби тұрғыда шыңдалуға жол ашады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі" жаңалықтары