Қазақстанда «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» республикалық өрт қауіпсіздігі онкүндігі жалғасуда. Жетінші тақырыптық күн «Көлігің аман болсын» ұранымен өтті. Оның негізгі мақсаты – автокөліктердегі өрттердің алдын алу, көлік иелерінің қауіпсіздік мәдениетін арттыру, сондай-ақ газбаллон жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуына жол бермеу.
ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың, полицияның және мүдделі ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, автомобиль жолдарында, автотұрақтар мен паркингтерде, автомобиль және теміржол вокзалдарында, сондай-ақ жанармай және газ құю станцияларында профилактикалық рейдтер өткізді.
Тақырыптық күн аясында профилактикалық жұмыстармен 8 мыңнан астам адам, оның ішінде 3,3 мыңнан астам жүргізуші қамтылды. 200-ден астам профилактикалық рейд өткізіліп, 565 автомобиль және газ құю станциясы қамтылды. Қызмет көрсетуші ұйымдардың басшыларымен және көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарымен 157 кездесу ұйымдастырылды.
2026 жылдың басынан бері Қазақстанда көлік құралдарында 2 056 өрт тіркелді. Бұл көрсеткіш көліктердің техникалық жағдайын бақылау және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша профилактикалық жұмыстардың маңыздылығын көрсетеді.
Атырау облысында профилактикалық акцияға облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жанабаев қатысты. Құтқарушылар жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, жанармай және газ құю станцияларында, сондай-ақ тұрғын үй кешендерінің жерасты паркингтерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жүргізушілер мен нысан қызметкерлеріне автокөліктерге жанармай және газ құю кезіндегі қауіпсіздік талаптары, жабдықтардың техникалық жай-күйін бақылау және алғашқы өрт сөндіру құралдарының дайындығын қамтамасыз ету қажеттігі түсіндірілді.
Профилактикалық жұмыстардың өзектілігі өңірдегі өрт статистикасымен де расталады. 2026 жылдың басынан бері Атырау облысында автокөліктердің жануының 91 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56,8%-ға көп (58 жағдай). Оның ішінде 22 өрт газбаллон қондырғыларымен жабдықталған автокөліктерде болған. Өрт салдарынан 7 адам жарақат алды. Қаза тапқандар жоқ.
Ақмола облысында құтқарушылар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жанармай құю станцияларында және автотұрақтарда профилактикалық іс-шаралар өткізді. Жүргізушілерге автокөліктердегі өрттің негізгі себептері, оның ішінде электр сымдарының қысқа тұйықталуы, отын жүйесіндегі ақаулар мен жанғыш сұйықтықтардың ағуы туралы түсіндірілді. Сондай-ақ көліктің техникалық жағдайын үнемі тексеріп отыру, жарамды өрт сөндіргіштің болуы және жанармай құю кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі ескертілді. Акция аясында автокөлік иелеріне өрт сөндіргіштер, Онкүндік символикасы және 112 шұғыл қызмет нөмірі бейнеленген естелік кружкалар мен ақпараттық материалдар табысталды.
ТЖМ автокөліктің техникалық жағдайын уақтылы тексеру, электр сымдары мен газбаллон жабдықтарының жарамдылығын бақылау, сондай-ақ өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтау көліктегі өрттердің алдын алуға және адам өмірін сақтауға мүмкіндік беретінін еске салады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








