Атыраудағы С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде Мұнай-газ өнеркәсібі инженерлері қоғамының (SPE) Каспий техникалық конференциясы мен халықаралық көрмесі басталды. Іс-шара 24–26 қараша аралығында өтеді.
Конференцияға облыс әкімі Болат Ақшолақов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, жетекші энергетикалық компаниялардан өкілдер, халықаралық сарапшылар мен ғалымдар қатысуда.
Конференцияның ашылуында аймақ басшысы сөз сөйлеп, Атырау облысының еліміздің мұнай-газ саласының дамуындағы стратегиялық маңызын атап өтті. Өңірде әлемдік деңгейдегі ірі жобалар – Теңіз және Қашаған кен орындары, мұнай-газ химиясы кешенінің кәсіпорындары орналасқан. 2026 жылғы қаңтар–қазан айларында облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 14,3 трлн теңге болды.
“Бүгінде бізге мұнай-газ саласын әртараптандыру, шикізатты терең өңдеу, жаңа өндіріс орындарын ашу және жергілікті кәсіпкерлікті дамыту өте маңызды. Бұған қоса, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, Каспий теңізі мен Жайық өзенінің экожүйесін сақтауға, заманауи технологияларды енгізуге және білікті мамандар даярлауға да ерекше назар аударылып отыр.
SPE-2026 конференциясы халықаралық әріптестіктің жаңа мүмкіндіктеріне жол салып, энергетика саласының дамуына нақты пайдасын тигізеді деп сенемін”,— деді Болат Ақшолақов.
Қатысушылар үш күн бойы әлемдік энергетиканың дамуын, көмірсутек ресурстарын игеруді, өндірістің тиімділігін арттыруды және инновациялық технологияларды енгізу мәселелерін талқыға салмақ.
Халықаралық көрме аясында шетелдік және өңірлік компаниялар мұнай-газ саласындағы заманауи технологияларды, жабдықтар мен цифрлық шешімдерді таныстырады. Бағдарламада мектеп оқушылары мен педагогтерді инженерлік мамандықтармен және энергетика саласының даму перспективаларымен таныстыруды көздейтін Energy4me білім беру іс-шарасы да бар.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









