Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақстан қолжазбатанушылар қауымдастығының IX отырысы өтті. Жиында академик Рәбиға Сыздықтың «Ғылыми таным үзіктері» атты екі томдық еңбегі таныстырылды.
Іс-шараға отандық филолог ғалымдар, тіл білімі мен қолжазба мұрасын зерттеушілер, кітапхана қызметкерлері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Басылымның жауапты шығарушысы әрі редакторы, филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Орынай Жұбай «Рәбиға Сыздық зерттеулеріндегі түркі жазба мұралары: тілдік сабақтастық және тарихи таным» тақырыбында дәріс оқыды.
Қатысушылар академиктің ғылыми мұрасы мен қазақ тіл білімін дамытуға қосқан үлесі туралы пікір алмасты. Рәбиға Сыздықтың қолжазбасы Ұлттық кітапхана қорына сыйға берілді.
Екі томдыққа ғалымның қазақ және орыс тілдеріндегі баяндамалары, сұхбаттары және бұған дейін көптомдық шығармалар жинағына енбеген мақалалары топтастырылған.
Бірінші томда қазақ әдеби тілінің тарихына, Абай шығармаларының тіліне, әдеби тіл нормасы мен терминология мәселелері қамтылған. Екінші томда түркі жазба мұраларының тілі, қазақ жазушыларының көркем сөз қолданысы туралы зерттеулер, естеліктер мен рецензиялар берілген.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









