Қауіпсіз балалық шақ – қауіпсіз болашақтың кепілі

    1 / 16

    Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі елімізде «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» республикалық акциясын өткізуде.

    Аталған акция аясында 2026 жылғы 24 қарашада Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен облыстық «Дарын» арнайы мектеп-интернатында «Қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында профилактикалық іс-шара өткізілді.

    Іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақ арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, балалардың өрт қауіпсіздігі саласындағы білімдерін жетілдіру, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету және өз өмірі мен айналасындағы адамдардың өмірін қорғау бойынша практикалық дағдыларын дамыту.

    Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы мен Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау генерал-майоры Қуанар Бекенұлы Базарбаев белсенділік танытқан балаларға марапаттар мен сыйлықтар табыстады.

    Мұндай бастамалар балалардың қауіпсіздік мәселелеріне деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың өзіне деген сенімділігін нығайтуға және жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.

    Сонымен қатар, іс-шараның практикалық бөлігінде төтенше жағдай туындаған кездегі қауіпсіз эвакуациялау бойынша оқу-жаттығу өткізілді. Жаттығу барысында балалар мен білім беру мекемесі қызметкерлерінің төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмі, ғимараттан қауіпсіз шығу тәртібі және өзара үйлесімді әрекет ету дағдылары пысықталды.

    Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, қауіпсіздік ережелерін түсіндіру және практикалық дағдыларын қалыптастыру – профилактикалық жұмыстың маңызды бағыттарының бірі.

    Білім беру ұйымдарында осындай оқу-жаттығуларды жүйелі түрде өткізу балалардың төтенше жағдайларға дайындығын арттыруға, сондай-ақ педагогтер мен мекеме қызметкерлерінің қауіпсіздік мәселелеріне деген жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

    Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек азаматтық қорғау органдарының ғана емес, ата-аналардың, педагогтердің және бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтеді.

    Қауіпсіздік мәдениеті бала кезден қалыптасуы тиіс. Бүгін меңгерген қауіпсіздік ережелері ертең адам өмірін сақтап қалуға септігін тигізуі мүмкін.

    Әр бала қауіпсіз ортада өмір сүруге лайық. Балалардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік!

    Маңғыстау облысы ТЖД

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары