Исламабад, 2026 жылғы 24 қараша– Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі д-р Еркін Тұқымов Бейбітшілік және дипломатиялық зерттеулер институтының президенті, д-р Фархат Асифпен және Diplomatic Insight Group компаниясының бас директоры, «The Diplomatic Insight» басылымының бас редакторы Мұхаммад Асиф Нурмен кездесті.
Тараптар Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ақпараттық-талдамалық саладағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ екі елдің зерттеу орталықтары, БАҚмен іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады. Бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру және медиажобаларды іске асыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Елші IPDS-тің екіжақты қатынастардың дамуы туралы ақпаратты жүйелеуге және тұрақты түрде жаңартып отыруға бағытталған «Pakistan-Kazakhstan Relations Tracker» ақпараттық-талдамалық платформасын құру жөніндегі бастамасына оң баға берді.
Сонымен қатар IPDS пен Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығы арасында жуырда қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандумның маңыздылығы атап өтілді. Аталған құжат бірлескен зерттеулер жүргізуге, сараптамалық бағалаулармен алмасуға және екі елдің ғылыми-талдамалық байланыстарын нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара мүдделілік білдірді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









