Қазақстан Елшісі Исламабад стратегиялық зерттеулер институтының басшылығымен кездесті

    1 / 2

    Исламабад, 2026 жылғы 26 қараша– Қазақстанның Пәкістандағы Елшісід-рЕркін Тұқымов Исламабад стратегиялық зерттеулер институтының (ISSI) Бас директоры, Елші Моин уль-Хакпен кездесті.

    Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларын, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ екі елдің жетекші талдау орталықтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

    Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайтуға, перспективалы транзиттік жобаларды іске асыруға, Ауғанстандағы ахуалға, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

    Елші Е.Тұқымов сараптамалық диалогты тереңдетудің және Қазақстанда Оңтүстік Азияны зерделеу бойынша мамандандырылған зерттеу базасын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ, ҚР СІМ жанындағы ССЗИжәне басқа да бейінді мекемелерді қоса алғанда, Қазақстан мен Пәкістанның талдау орталықтары арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті.

    Өз кезегінде, Елші Моин уль-Хак қазақстандық талдау орталықтарымен институционалдық әріптестікті дамытуға дайын екенін білдіріп, Қазақстан Елшісін ISSI алаңында «Special Talk» арнайы жобасы аясында сөз сөйлеуге шақырды.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің талдау орталықтары арасында тікелей байланыстар орнату, бірлескен зерттеулер жүргізу және сараптамалық іс-шаралар өткізу, сондай-ақ жас зерттеушілер үшін қысқа мерзімді тағылымдамалар ұйымдастыру мәселелерін пысықтауға уағдаласты.

    Сонымен қатар тараптар 2027 жылы Қазақстан мен Пәкістан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы қарсаңында сараптамалық ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары