Женева, 2026 жылғы 26 қараша – Женевада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (МГИМО), Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған Астана платформасының «2030 жылдан кейінгі орнықты даму күн тәртібіне қарай» атты халықаралық семинары өтті.
Семинарға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валовая, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың және іскер топтардың өкілдері қатысты.
Өз сөзінде С.Нұрбек Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолында жаһандық міндеттемелерден практикалық шешімдерге көшудің қажеттігін атап өтіп, болашақ даму күн тәртібін қалыптастырудағы ғылымның, жоғары білімнің және жасанды интеллектінің ерекше рөліне тоқталды. Министр сондай-ақ Қазақстанда ғылым мен жоғары білім жүйесін жаңғырту, халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту және елді цифрлық трансформациялау бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Е.Қазыхан Қазақстанның БҰҰ-ның барлық 17 ОДМ-ына қол жеткізуге бейілділігін растады және 2030 жылдан кейінгі жаһандық даму күн тәртібін БҰҰ аясындағы инклюзивті үкіметаралық процесс шеңберінде қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Тұрақты өкіл сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Алматыда құрылған, орнықты даму саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған ОДМ жөніндегі өңірлік орталығының маңыздылығына тоқталды.
Тақырыптық сессиялар барысында қатысушылар орнықты дамуды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру перспективаларын, тәуекелдерді басқару және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәселелерін, сондай-ақ климаттық және экологиялық сын-қатерлерді еңсерудің бірлескен тәсілдерін талқылады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









