Батыс Қазақстан облысында учаскелік полиция инспекторлары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, тұрғындардың тұрмыс жағдайына, тұрғын үйлер мен оларға іргелес аумақтардың санитариялық жай-күйіне қатысты өтініштеріне де ерекше назар аударады.
Атап айтқанда, тұрғындар көрші пәтерлерден шығатын жағымсыз иістерге, үй-жайлардың санитариялық талаптарға сай болмауына, тарақандар мен өзге де жәндіктердің пайда болуына, үй жануарларын тиісті деңгейде күтпеуге, сондай-ақ пәтерлерде қоқыс пен түрлі заттардың шамадан тыс жиналуына байланысты жиі шағымданады.
Әрбір өтініш бойынша учаскелік полиция инспекторлары тиісті жұмыстар жүргізеді. Көрсетілген мекенжайларға барып, мән-жайды анықтайды және құзырлы органдармен бірлесіп, анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін қажетті шаралар қабылдайды.
Айта кетейік, жыл басынан бері учаскелік полиция инспекторларына үй жануарларын күтіп-ұстауға қатысты 10-нан астам, ал пәтерлерде қоқыс пен түрлі заттарды жинақтау деректері бойынша 20-дан астам өтініш түскен.
Барлық өтініш бойынша құзырлы органдармен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізіліп, заң талаптарын бұзған тұлғалар жауапкершілікке тартылуда.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Басты мақсат – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, санитариялық тазалықты қамтамасыз ету және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









