Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданындағы Сайқын ауылдық мектебінде "Жас сақшы" сыныбы салтанатты түрде ашылды.
Бұл – Батыс Қазақстан облысында ашылған 13-ші "Жас сақшы" сыныбы. Бүгінде мұндай сыныптар Орал қаласы мен облыстың бірқатар ауданында жұмыс істеп, жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға, құқықтық сауаттылығын арттыруға және тәртіп мәдениетін нығайтуға бағытталған тәрбиелік жұмыстар жүргізуде.
Жаңа сыныпқа ішкі істер органдарының ардагері Арыстан Орынғалиевтің есімі берілді. Бөкей ордасы ауданының тумасы Арыстан Орынғалиұлы ғұмырын ішкі істер саласындағы қызметке арнап, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында еңбек еткен құрметті ардагер. Салтанатты шараға ардагердің отбасы атынан ағасы, ішкі істер органдарының ардагері Жұмағали Орынғалиұлы қатысып, інісінің есімі ұлықталып, өнегелі жолының жас ұрпаққа үлгі болғанына ризашылығын білдірді. Жиынға аудан әкімі, ардагерлер, мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысып, жас сақшыларға қолдау көрсетті. Жаңа сыныпқа 8-сыныптың 16 оқушысы қабылданды. Олардың тең жартысы – оқу озаттары. Бұл – білім мен тәртіпті қатар ұстанудың жарқын үлгісі. Өйткені "Жас сақшы" болу арнайы киім киіп, салтанатты уәде берумен ғана шектелмейді. Ол – білімге ұмтылу, жауапкершілікті сезіну және қоғамдық тәртіпті құрметтеу.
БҚО ПД жеке құраммен жұмыс басқармасының бастығы Әзілхан Қайырханов өз сөзінде: - Бұл сыныпта білім алатын оқушылар тәртіпке, жауапкершілікке, Отанды сүюге және елге адал қызмет етуге үйренеді. Біз жастардың бойында заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ерекше мән береміз, – деп атап өтті.
Салтанатты рәсім барысында оқушылар "Жас сақшы" қатарына қабылданып, мектеп тәртібін сақтауға, білімге ұмтылуға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға үлес қосуға, Отанын сүюге және елге адал қызмет етуге уәде берді. Тарихы терең Бөкей ордасында ашылған жаңа сынып елін сүйетін, білімді, тәртіпті әрі жауапкершілігі жоғары азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған игі бастамаға айналмақ.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









