Қоғамдағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Жол қозғалысы ережелерін сақтау, көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру және өзгелерге үлгі болу – әрбір жүргізушінің басты жауапкершілігі.
Осы мақсатта Қызылорда облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының ұйымдастыруымен «Үлгілі жүргізуші – 2026» республикалық акциясы аясында іс-шара өтті. Шара барысында жолда тәртіп сақтап, өзгелерге үлгі болып жүрген бірқатар жүргізуші марапатталды.
Шараға М. Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінің «Жас сақшы» сыныбының оқушылары да қатысып, жол қауіпсіздігіне арналған маңызды іс-шараның куәсі болды.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған акцияның негізгі мақсаты – қауіпсіз әрі тәртіпті жүргізу мәдениетін қалыптастыру, жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Іс-шара барысында Қызылорда облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының орынбасары полиция подполковнигі Бақтияров Нұркен сөз сөйлеп, жол қауіпсіздігінің маңызына ерекше тоқталды.
Шара барысында әсем ән шырқалып, жолда тәртіп сақтап, өзгелерге үлгі болған жүргізушілерге арнайы марапаттар мен сыйлықтар табысталды.
Марапатталғандардың қатарында он жылдан астам уақыт бойы «Яндекс Такси» қызметінде жүргізуші болып еңбек етіп келе жатқан Ізбасарова Ақмарал Лесбайқызы да бар. Ол жүргізуші куәлігін 2005 жылы алған. Осы уақытқа дейін жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылмаған. Бұл – оның кәсіби жауапкершілігі мен жолдағы тәртіпке деген ұқыптылығының айқын көрінісі.
Қатысушылар арасында жол қозғалысы ережелеріне қатысты сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Оқушылар мен қатысушылар өз білімдерін сынап, жол ережелеріне қатысты сауалдарға жауап берді.
Кездесудің тәрбиелік мәні де ерекше болды. Әсіресе, «Жас сақшы» сыныбының оқушылары үшін бұл шара жол қауіпсіздігінің маңызын терең түсінуге, қоғамдық тәртіп пен азаматтық жауапкершілікті бойларына сіңіруге үлкен мүмкіндік берді.
Өйткені жолдағы тәртіп – тек ережелерді сақтау ғана емес, ең алдымен, адам өміріне деген құрмет. Ал қауіпсіз жол әрқайсымыздың жауапкершілігімізден басталады!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








