23 қараша күні Ақтау қаласындағы Достық үйінде «Қаржылық қауіпсіздік – білім арқылы қорғану» тақырыбында отырыс өтті. Іс-шара Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Ақтау қаласы әкімдігімен бірлесіп, «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Отырысқа Департамент басшысы Ерболат Балғабаев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов, облыстық білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаев, қалалық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Өтесбаева, мектептер мен колледж директорлары, педагог-психологтер және IT мамандары қатысты. Жиынды Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Аида Сaдатқызы жүргізді.
Кездесу барысында оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру, оларды алаяқтық әрекеттерден қорғау және құқыққа қайшы схемаларға тартылуының алдын алу мәселелері талқыланды. Айбаршын Өтесбаева мектеп оқушылары арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ал Департамент қызметкерлері Диас Қазбек пен Бибинұр Таубай қаржылық сауаттылықты арттыруға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған SAQBOL цифрлық платформасын таныстырды.
Практикалық бөлімде білім беру ұйымдарының директорлары, педагог-психологтaр мен IT мамандары QR-код арқылы платформаға өтіп, оқушыларға арналған тестілеуден өздері өтті. Тапсырмалар интернет-алаяқтық пен қаржы пирамидаларын анықтау, дропперлікке тартылу және онлайн-казиноға қатысу тәуекелдері, сондай-ақ дербес деректерді қорғау ережелерін қамтиды.
Сонымен қатар білім беру ұйымдары басшыларының педагогтер, оқушылар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырудағы рөліне ерекше назар аударылды. Платформаның мүмкіндіктері мен алынған білім қаржылық қауіп-қатерлерді анықтау және алаяқтық схемаларға тартылудан сақтану жолдарын түсіндіруге көмектеседі.
Алдағы уақытта SAQBOL платформасында Ақтау қаласындағы мектеп оқушылары арасында тестілеу өткізу жоспарланып отыр. Оның нәтижелері педагогтерге оқушылардың қандай қауіп-қатерлерді анықтауда қиындық көретінін айқындауға және қаржылық қауіпсіздік сабақтарында осы тақырыптарға басымдық беруге мүмкіндік береді.
Практикалық бөлімнің қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ профилактикалық жұмыстардың нәтижесі үшін бес мектеп Ақтау қаласы әкімінің атынан алғыс хатпен марапатталды.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









