Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Заң мен тәртіп – қауіпсіз болашақ кепілі» тақырыбында студенттер мен полиция қызметкерлерінің кездесуі өтті.
Іс-шараға Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Тоқтыбаев Серік Әбдімәуленұлы бастаған полиция саласының өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және заң талаптарын құрметтеу мәдениетін қалыптастыру.
Полиция қызметкерлері студенттерге буллинг пен бопсалаудың, интернет-алаяқтықтың, дропперліктің, есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымының, сондай-ақ топтық төбелестердің зардаптары туралы кеңінен түсіндірді.
Сонымен қатар жастарға әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстарға сенбеу, жеке деректерді қорғау, жеңіл табысқа жетелейтін заңсыз әрекеттерден аулақ болу қажеттігі ескертілді. Мамандар әрбір құқық бұзушылықтың заң аясында жауапкершілікке әкеп соғатынын атап өтті.
Өз кезегінде университеттің Басқарма мүшесі – әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Уәлихан Ибраев оқу орнында «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Кездесу барысында студенттер полиция өкілдеріне көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Полиция қызметкерлері жастардың құқықтық сауатын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз қоғам қалыптастыру бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жалғастырады.
Заңды білу – міндет, оны сақтау – әр азаматтың жауапкершілігі!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








