Арнайы операциялар күштерінің, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің және Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері әскери ант қабылдады.
Салтанатты рәсімге қолбасшылық өкілдері, қоғам қайраткерлері, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ жауынгерлердің ата-аналары мен жақындары қатысты.
Жас сарбаздар әскери борышын адал атқаруға, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға ант берді.
Десанттық-шабуылдау әскерлері сапында Қонаев, Талдықорған және Алматы гарнизондарының 1300-ден астам әскери қызметшісі ант қабылдады.
Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов атап өткендей, әскери ант қабылдау, бұл жай ғана салтанатты рәсім емес, ол ел мен халық алдындағы жауапкершілікті саналы түрде сезіну.
– Бүгін әрқайсыңыз әскери борышты абыроймен атқаруға, Отанға адал болуға және оның мүддесін қорғауға ант бердіңіздер. Әскери анттың шынайы құндылығы, ең алдымен, күнделікті іс-әрекетте, тәртіп пен жауапкершілікте және қарулас жолдасыңа қолдау көрсетуге әрдайым дайын тұруда көрініс табады, – деді ол.
Ақмола гарнизонында өткен салтанатты шараға Ақмола облысы Қараөткел ауылының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Балбақыт Исмағұлова арнайы келді. Бұл жерде оның үшінші немересі Қалижан Айтмағамбет ант қабылдады.
– Барлық ұлдарым әскер қатарында борышын өтеген, енді олардың жолын немерелерім жалғастырып келеді. Үлкен немерем Сарыөзек гарнизонында қызмет етіп, кейін сонда келісімшарт бойынша қалды. Бұл әскери бөлімге осымен екінші рет келіп тұрмын. Былтыр мұнда екінші немерем ант қабылдаса, бүгін міне үшінші немерем Отан алдында серт берді, – деді көпбалалы ана.
Ақтау гарнизонында Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан шақырылған 180-ге жуық сарбаз әскери ант қабылдады. Жас сарбаздар жиналған қауым алдында хормен «Ана» әнін орындап, кештің шырайын кіргізе түсті.
Матрос Даниял Маратов үшін әскери ант қабылдау, отбасылық дәстүрдің жалғасына айналды.
– Әкем 25 жылдан бері Әскери-теңіз күштерінің қатарында қызмет етіп келеді. Мен де әке жолын жалғастыруды ұйғардым. Оның сенімін ақтап, әскери борышымды абыроймен өтеуге бар күшімді саламын, – деп өз ойымен бөлісті.
Ал Алматыда Шымкент қаласынан шақырылған жас десантшы Давид Кастеллиоант қабылдау рәсімінен кейін сүйіктісі Анастасияға үйленуге ұсыныс жасады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









